31 мамыр күні Мұхаметжан Тынышбаев атындағы ALT университеті саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, құрбандарға тағзым ету мақсатында салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
Айта кететін болсақ 31 мамыр Қазақстанда 1997 жылдан бері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Тарихтың қаралы беттерінің бірі – саяси қуғын-сүргін. Оған Кеңес Одағына мүше болған барлық елдің азаматтары ұшырады. 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде «халық жауларын анықтау» саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.
Осы жылдары Мұхаметжан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Мағазы Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаһанша Досмұханбетов және басқа көрнекті қайраткерлер ату жазасына кесілді.