ALT University «ALT+F4» командасы — «Программалық инженерия» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Мықтыбай Нұрдаулет пен Ишан Асыл — 21–22 қараша 2025 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен «Tech QyzPU Niğde Hack: AI және жұмысшы мамандықтар» халықаралық хакатонында жүлделі II орынға ие болып, айрықша жетістікке қол жеткізді. Хакатон Қазақстан мен Түркияның ең дарынды жас бағдарламашыларын біріктіріп, цифрлық дағдыларды дамытуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және инженерлік ойлауды қолдауға бағытталған. Іс-шара Түркия Республикасының Нийде Өмер Халисдемир университетімен бірлескен жұмыстар аясында ұйымдастырылды. Сайысқа 20 мықты команда қатысып, олардың арасында біздің студенттердің өндірістік үдерістерге жасанды интеллект құралдарын енгізуге арналған жобасы ең өзекті және перспективалы шешімдердің бірі ретінде танылып, командаға 300 000 теңге көлеміндегі жүлде қоры мен лайықты II орынды әкелді. ALT University өз студенттерінің кәсіби шеберлігіне, шығармашылық қабілетіне және халықаралық деңгейде инновациялық идеяларды ұсына білуіне зор мақтаныш білдіреді.


