Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жас бағдарламашылар мен креативті студенттерді біріктіретін халықаралық хакатон басталды.
Биылғы жылы жарыс «Tech QyzPU Niğde Hack: AI және жұмысшы мамандықтары» атауымен өтіп, қазіргі заманғы технологиялық дағдыларды дамытуға және инновациялық ойлауды қолдауға бағытталған.
Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жөніндегі бастамасы аясында ұйымдастырылған. Сонымен қатар, хакатон цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосады.
Жоба Түркия Республикасы Нигде Өмер Халисдемир университетімен және Нигде технопаркімен жасалған екіжақты келісім аясында өткізіледі.
Хакатонның ашылуында Басқарма төрағасының міндетін атқарушы – Ректор Сабит Суатай құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
«Алдағы 24 сағат сіздер үшін практикалық алаң болады. Хакатон – бұл жай ғана жарыс емес, бұл инновациялар мен шығармашылық мерекесі. Біздің университет жасанды интеллект, цифрлық педагогика, IT және EdTech бағыттарында маңызды жобаларды жүзеге асырады. Сондықтан бұл хакатон біздің стратегиялық мақсаттарымызға толық сәйкес келеді», – деді ол.
24 сағаттық марафонның негізгі мақсаты – командалық жұмыстың көмегімен қысқа уақыт ішінде инновациялық бағдарламалық шешімдерді әзірлеу. Биыл елдегі онға жуық жоғары оқу орнынан 20 команда өз күшін сынап көруде. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларды жоғары жылдамдықты интернетпен, жұмыс орындарымен, электр энергиясымен, сондай-ақ тегін тамақтану және сусындармен қамтамасыз етті.
«Мен Нигде Өмер Халисдемир университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ынтымақтастығы аясында өткізілетін осы хакатонның ашылуына шын жүректен қуаныштымын. Біз бұл іс-шараны жай ғана жарыс ретінде емес, жаңа кезеңге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын баспалдақ ретінде қарастырамыз. Сондықтан әрбір қатысушыны біз жеңімпаз деп санаймыз. Сенімдімін, дәл осы хакатон сіздерге болашақ жетістіктерге жол ашады. Нигде Өмер Халисдемир университеті тарапынан да бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша қадамдар жасалып жатыр», – деді профессор, Нигде Өмер Халисдемир университетінің компьютерлік және ақпараттық ғылымдар факультетінің деканы, доктор Алпер Айтекін.
Біздің «ALT+F4» командасы «Бағдарламалық инженерия» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 2-курс студенттері Мықтыбай Нұрдаулет пен Ишан Асыл өндірісте жасанды интеллект құралдарын енгізу идеясын жүзеге асыру бойынша 300 000 теңге жүлде қоры бар жүлделі екінші орынды иеленді.


