Ұлы даланың бірегей тұлғалары шыққан киелі Торғай жерінде, Алаш қозғалысының өршіл, идеолог саяси қайраткері, ағартушы, жалынды көсемсөзші Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Алаш тарихын жаңғыртуға, М. Дулатұлын ұлықтауға арналған салтанатты шара 2025 жылдың 20-21 қыркүйек күндері Қостанай қаласында, Торғай өңірінде өтті. Міржақып Дулатұлы бар саналы ғұмырын туған халқының тәуелсіздігі жолындағы жанкешті күреспен өткізді. Тоталитарлық жүйе М. Дулатұлын 1928 жылы 29 желтоқсанда Қызылорда қаласында тұтқындап, «халық жауы», «буржуазияшыл ұлтшыл», «шетелдік панисламизм және пантюркизммен байланысы бар» деп негізсіз жала жауып, алпыс жылдай астам уақыт халық жадынан шығарылды. 1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімімен М. Дулатұлы толық ақталған соң, оның саяси-ағартушылық қызметі мен мұрасы өз мәнінде зерттеле бастады.
М. Дулатұлының халқына қызметі азаматтықтың биік үлгісі ретінде, тәуелсіз еліміздің рухани жадында қайта жаңғыру үстінде. Уақыттың өзі М. Дулатұлы идеяларының ұлттық негізі тұғырлы екендігін тарих шежіресінде айқындап берді. Ол халқының азаттық алғанын көре алмаса да, сол күннің туатынына сенімі берік болды. Алаш зиялыларының қатарында М. Дулатұлының алатын орны ерекше. М.Дулатұлы — өте күрделі ғұмыр кешкен халықшыл тұлға. Ұлтжанды қайраткердің азаматтық тұлғасы, қалтықсыз адал қызметі, құнды мұрасы, қазіргі еркін ойлы елшіл ұрпақты қалыптастыру бағытында үлгі-өнеге мен шұғылалы шамшырақ. Бүгінгі күні Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойының мемлекеттік деңгейде аталып өтуі соның айғағы. Бұл салтанатты тарихи шара Алаш идеясына тағзым етудің, «Оян, қазақ!»,- деп ұлттың рухын жігерлендірген Міржақып Дулатұлының қайраткерлігін ұлықтаудың тағылымдық белгісі.
Қостанай қаласының Орталық алаңында Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Ұлт руханияты үшін мәні айрықша бұл тарихи шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор алаштанушы Мәмбет Қойгелдиев, жазушы Төлен Әбдіков пен М. Дулатұлының немересі Ерлан Сатыбалдиев және т.б. қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалымдар қатысты. Мүсіндік ескерткішті Жеңіс Жұбанқұлов пен Тимур Ермұхаметов дайындаған. Жиында сөз алған Ерлан Қошанов, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан жүрекжарды құттықтау сөзін жеткізіп, М. Дулатұлының қазақ елі үшін сіңірген өлшеусіз қызметінің тағылымдық құндылығын тұжырымдады. Салтанатты жиын қайраткердің туған жері Жанкелдин ауданы, Бидайық ауылындағы М. Дулатұлының кесенесіне тағзым ету және Музей үйінің ашылу шарасына ұласты. Сондай-ақ, Халықаралық «Ұлы Дала жорығы» марафон бәйгесінің старт беруімен, ақындар айтысымен және ғылыми конференциямен жалғасты.
Ұлт руханияты үшін тағылымдық мәні ерекше бұл салтанатты шараға, біздің Мұхаметжан Тынышбаев атындағы ALT университетінің «ӘГП және ДШ» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Иманбаева Сабира «Міржақыптанушы» ғалым ретінде арнайы шақырылып «Міржақып Дулатұлы және ұлт руханияты» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасады. Өз сөзінде «Өскелең жастардың бойына елдік рух пен отансүйгіштік қасиетті сіңіру үшін Міржақып Дулатұлы сынды біртуар тұлғаларымыздың адал қызметі мен асыл мұраларын үнемі насихаттауымыз қажет.»,- деп ой бағамдады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық меретойына орай ұйымдастырылған іс-шараға ат салысқаны үшін Иманбаева Сабира Сарыбайқызы атаулы марапаттарды иеленді. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мырзаның алғыс хатымен және мерейтойға арналып шығарылған медальмен марапатталып және М. Дулатұлының ұрпақтары атынан «Міржақып Дулатұлы» медалінің иегері атанды. Қауымдастырылған профессор Иманбаева Сабира Сарыбайқызын айтулы марапаттарымен құттықтаймыз!