Select Page

29 сәуір 2025 жылы АО «Мухамеджан Тынышбаев атындағы ALT Университеті» қабырғасында «Толық адам» тұжырымдамасы және қазіргі заман» тақырыбында ғылыми-практикалық бағыттағы Дөңгелек Үстел өткізілді.

Іс-шара сағат 15:00-ден 16:20-ға дейін 2702-аудиторияда (конференц-залда) ұйымдастырылды. Шараны Жалпы инженерия кафедрасы мен Әскери іс институты бірлесе отырып  ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелдің мақсаты — студент жастарды Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы рухани дамуға, өзін-өзі жетілдіруге және адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге ынталандыру.

Дөңгелек үстел жұмысына университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, кафедраларының профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттері белсенді қатысты.

Іс-шараның модератор әскери кафедрасының «ОВиИР-11» тобының студенті Бауыржанқызы Балнұр жоғары деңгейде атқарды.

Бастапқы құттықтау сөзді Жалпы инженерия кафедрасының меңгерушісі арнап, жастарға терең мазмұнды ойлар мен тілектерін жеткізді. Ол өз сөзінде Абай ілімінің тек өткеннің емес, қазіргі заманның да құндылықтарын айқындаушы рөлін атап өтті.

Арнайы шақырылған қонақтардың қатарында КОИ кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Сатыбалды Нұрпейісов болды. Ол Абай шығармашылығындағы «Толық адам» концепциясының маңыздылығына тоқталып, өз сөзін ұлы ақынның өлеңдерімен ұштастырды.

Дөңгелек үстел аясында тыңдалған баяндамалар:
— Ералы Ожан (АЗС-24к-3 тобының студенті) – «Адамның мінезіне, қасиетіне қоршаған ортаның әсері». Ол өз баяндамасында адамның мінез-құлқының қалыптасуында отбасы, қоғам және білімнің ықпалын жан-жақты талдады.
— Тұрғанбек Аружан (ОВиИР-11 тобының студенті) – «Абайдың Толық адам түсінігі – рухани тұтастық пен адамдық кемелдіктің өлшемі». Аружан баяндамасында Абайдың этикалық идеяларын талдап, оларды қазіргі жастардың тұлғалық дамуы тұрғысынан түсіндірді.

Тағы бірқатар баяндамалар тыңдалды.

Әрбір баяндама тыңдалып болған соң пікірталас ұйымдастырылды. Студенттер мен оқытушылар баяндамашыларға сұрақтар қойып, өз көзқарастарымен бөлісті. Әсіресе, «Толық адам» болу үшін қандай қасиеттер қажет деген сұрақтар төңірегінде қызу пікір алмасу өтті.

Іс-шара барысында Жалпы инженерия кафедрасының оқытушысы Тамара Дидарбаева Абайдың «Сенбе жұртқа» атты өлеңін нақышына келтіре орындап, қатысушыларға рухани шабыт сыйлады.

Шараның қорытынды бөлімінде «Жалпы инженерия» кафедрасының меңгерушісі, техникалық ғылымдарының кандидаты Ахметова Патам Тургановна  және Әскери іс институтының бастығы запастағы полковник, педагогика ғылымдарының магистрі, соғыс ардагері Ишанов Ерназар Хамидуллаұлы құттықтау сөз сөйлеп, дөңгелек үстелдің маңыздылығын атап өтіп, белсенділік танытқан студенттерге алғысын білдірді. Үздік қатысушылар мен баяндамашылар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Сонымен қатар, шара соңында барлық қатысушылар естелікке бірлескен суретке түсті. Іс-шара студенттер орындаған «Күй» композициясымен аяқталып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Бұл дөңгелек үстел жас ұрпақтың санасына ұлттық рухты сіңіру, Абай мұрасын терең түсініп, өмірде қолдануға ұмтылдыру мақсатында өткізілген маңызды рухани іс-шара болды.

Skip to content
Приемная комиссия