Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттары директорларының кеңейтілген кеңесі өтті.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ғылым мен жоғары білімді дамыту жөніндегі негізгі міндеттер талқыланды. Атап айтқанда, отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ғылыми зерттеулердің сапасын көтеру, университет ғылымын өндіріс пен қоғам қажеттіліктеріне бағдарлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бейресми форматта өткен кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Акылбек Куришбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты.
«Ғылым мен жоғары білім – елдің орнықты дамуының негізгі тірегі. Университеттер мен ғылыми ұйымдар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосатын орталықтарға айналуы тиіс. Сондықтан нарық талаптарына бейімделу – уақыт талабы», – деді Аида Ғалымқызы.
Іс-шара аясында Серикова Гүлзана Бейбитовна баяндама жасап, ALT University академиялық негізді заманауи халықаралық тәсілдермен ұштастырып, IT, инженерия, логистика, сәулет және бизнес салаларында болашақ көшбасшыларды даярлауға басымдық беретінін атап өтті. Ол білім беру корпорациясының ауқымын ерекше атап өтті: 4 институт, Қазақстанның 5 қаласында орналасқан 6 колледж, Ақтау қаласындағы ALT мектеп-лицейі, жалпы білім алушылар саны – 17 500-ден астам.
ALT University-де оқытуды практикалық және цифрлық трансформациялау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда: жасанды интеллект шешімдері (оның ішінде ППС-тың цифрлық егіздері) енгізілді, МООК іске қосылды, білім беру бағдарламаларының практикалық бағыты күшейтілді, жұмыс берушілердің қолдауымен бейінді зертханалар құрылды, кейстік тапсырмалар енгізілді, студенттік геодезиялық жасақ қайта жанданды, Smart Innovation зертханалары дамуда, Lu Ban Workshop техникалық ашылуы өтті, білім беру бағдарламалары жаңартылды (3 жылдық форматқа көшу, кәсіби ағылшын тілі мен IT-құзыреттерін күшейту), қытай және ағылшын тілдері бойынша тегін курстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар халықаралық студенттер контингентін арттыру, инфрақұрылымды және студенттер үйлерін «ақылды үй» элементтерімен жаңғырту, ППС-тың жарияланымдық белсенділігін арттыру және «Болашақ» бағдарламасы аясындағы тағылымдамаларды кеңейту, Cisco Meraki негізіндегі желіні жаңарту, КТЖ–ALT University индустриялық бакалавриат бағдарламасын іске қосу және LMS платформасында зияткерлік зертханалар құру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы кезеңде атом энергетикасы мен БПЛА бағыттары бойынша бағдарламаларды дамыту, модульдік оқыту жүйесіне көшу, шетелдік ғалымдарды тарту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, ASIIN халықаралық аккредитациясынан өту, құзыреттер орталығын іске қосу және микроквалификациялар бойынша халықаралық сертификаттар беру жоспарлануда.


