Select Page

Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 4 – «Сапалы білім» және 16 – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» мақсаттары аясында 2026 жылғы 10–11 қараша күндері ALT University-де ALASH DEBATE студенттік ұйымының ұйымдастыруымен студенттер арасында зияткерлік дебат турнирі өтті.

Турнирдің басты мақсаты – студенттердің сыни ойлау қабілетін дамыту, шешендік өнерін шыңдау, өз көзқарасын дәлелді жеткізу және командалық жұмыс дағдыларын жетілдіру.

Британ парламенттік форматы (БПФ) бойынша өткен турнирге әрқайсысы екі спикерден құралған командалар қатысып, өзара пікірталаста білімдері мен шешендік шеберліктерін көрсетті.

Сайыс барысында қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтитын тақырыптарды талқылады. Атап айтқанда, қазақ тілінің дамуы, жастар және әлеуметтік желілер, сыбайлас жемқорлықпен күрес, жасанды интеллектіні мемлекеттік бақылау, ауылдық аймақтарды дамыту және жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелері қозғалды.

Қатысушылардың өнері сөйлеу шеберлігі, аргументтердің нақтылығы, статистикалық деректерді пайдалану, уақытты тиімді басқару және командалық жұмыс секілді критерийлер бойынша бағаланды.

ALASH DEBATE ұйымдастырған бұл турнир студенттердің зияткерлік әлеуетін арттырып, пікірталас мәдениетін қалыптастыруға және белсенді, өз ойын еркін әрі сауатты жеткізе алатын жастардың дамуына ықпал етті.

Іс-шара ТДМ 4 – «Сапалы білім» мақсаты аясында студенттердің білімін, сыни ойлау қабілеті мен зияткерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» мақсатына сәйкес ашық диалог, өзара құрмет және пікір алуандығы мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты.

Автор: Қадырбек Айзада

Skip to content
Приемная комиссия