2026 жылғы 9 қаңтарда Алматы қаласында М. Тынышпаев атындағы ALT Университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы жанынан Қазақстандағы алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтын (ITST) құру туралы Меморандумға салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті.
Салтанатты рәсім барысында ALT Университеті М. Тынышпаев атындағы Басқарма төрағасы — Ректоры Меруерт Жармагамбетова Меморандумға қол қоюды отандық көлік ғылымын дамытудағы маңызды кезең әрі жалпыұлттық маңызы бар оқиға ретінде бағалады. Ректордың айтуынша, ALT Университеті үшін осы стратегиялық жобаны жүзеге асыру базалық алаңына айналу — үлкен құрмет және академиялық қауымдастық тарапынан көрсетілген жоғары сенімнің белгісі.
Ол сондай-ақ институттың инженер және көрнекті мемлекет қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың есімімен аталған университетте құрылуының символдық мәнін атап өтті.
«Жаңа Институт жай ғана ғылыми құрылым емес, ғылым мен практика тығыз байланыста болатын, зерттеу нәтижелері Қазақстанның көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған толыққанды инновациялық экожүйеге айналады», — деп атап өтті Меруерт Жармагамбетова.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбаттарында көлік-логистика секторын дамыту ұлттық басымдықтардың бірі екенін бірнеше рет атап өткен.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің ғылыми тұрғыда қамтамасыз етілуінің маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстанның Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы елге халықаралық көлік-логистикалық хабқа айналу және қуатты транзиттік әлеует қалыптастыру үшін айрықша мүмкіндік береді», – деді ҰҒА президенті.
Оның айтуынша, Ұлттық ғылым академиясында «Көлік» бағыты бойынша арнайы ғылыми секция құрылып, бұл бағыт алғаш рет ғылымның басым бағыттарының тізбесіне енгізілген. Нәтижесінде көлік саласындағы ғылыми жобалар гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға, сондай-ақ коммерцияландыру тетіктеріне қол жеткізді
Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының басшысы болып көлік саласындағы жетекші маман, академик Бағдат Бұрханбайұлы Телтаев тағайындалды. Өз сөзінде ол институттың қызметі Қазақстанның көлік жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етуге бағытталатынын айтты.
Негізгі басымдықтардың бірі — көлік құрылыстарының ұзақ мерзімділігін арттыру және көлік инфрақұрылымын басқарудың тиімді модельдерін енгізу. Жаңа материалдар мен технологияларды әзiрлеуге, көлiк объектiлерiн климаттық бейiмдеу мәселелерiне, сондай-ақ жүктеменiң артуы жағдайында құрылыстардың зақымдануын азайтуға ерекше назар аудару жоспарланып отыр.
Сонымен қатар институт қызметінде жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және болжамдық модельдеу технологияларын қолдану көзделіп отыр. Бұл шешімдер көлік ағындарын оңтайландыруға, интеллектуалды логистиканы дамытуға және Қазақстанның транзиттік-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталмақ.
Іс-шарада сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері және Құрметті теміржолшы Қ.С. Сәмбетов пен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Б.С. Мұртазин сөз сөйледі. Қатысушылар университеттің ғылыми-зерттеу нысандарымен танысып, қолданбалы көлік ғылымын дамыту перспективаларын талқылады.
М. Тынышпаев атындағы ALT Университеті базасында Қазақстандағы алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының құрылуы көлік саласында тұрақты ғылыми негіз қалыптастыруға, елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтуға және университеттің көлік саласында ұлттық сараптама орталығы ретіндегі рөлін күшейтуге маңызды қадам болды.


