2026 жылғы 16 қаңтарда эдвайзерлерге арналған ALT Қысқы мектебі аясында семинар-тренингтер өтті. Іс-шара эдвайзерлерге әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ Алматы қаласының жоғары оқу орындары арасында кәсіби тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында студенттерді сүйемелдеу саласындағы өзекті мәселелер қарастырылып, төмендегі тақырыптарға ерекше назар аударылды:
- «Эдвайзерлердің психологиялық тұрақтылығы және кәсіби қажудың алдын алу»;
- «Студенттердің дағдарыстық және дезадаптивті мінез-құлқымен жұмыс».
Семинар-тренингтерді өткізген мамандар:
- Сүлейменова Айгерім Маратовна — гештальт-терапевт, CADAP халықаралық тренері, Satbayev University психологиялық қызметтің жетекшісі;
- Алминова Джамила Сапаровна — Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің кеңесші-психологы, когнитивті-мінез-құлықтық терапия (КМТ) маманы.
Аталған тақырыптар қазіргі жағдайда аса маңызды, себебі кәсіби қажу мен студенттердің дағдарыстық жағдайларының белгілерін уақтылы анықтау психологиялық және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ білім алушылардың табысты әлеуметтенуіне ықпал етеді. Іс-шара барысында корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Иванов Андрей Александрович құттықтау сөз сөйлеп, қатысушылар мен тренерлерге алғыс хаттар табыстады.
Семинар-тренингтердің нәтижесінде эдвайзерлер келесі практикалық дағдыларды меңгерді:
- студенттердегі эмоционалдық қажу мен дезадаптация белгілерін ерте анықтау;
- дағдарыстық жағдайларда алғашқы психологиялық қолдау көрсету;
- жоғары мазасыздықтағы студенттермен тиімді қарым-қатынас орнату;
- кәсіби тұрақтылықты сақтау және алдын алу әдістерін қолдану.
Іс-шараны ALT Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық офисінің жетекшісі, психолог-кеңесші, отбасылық кеңес беру саласындағы маман, педагогика ғылымдарының магистрі Шабденова Дария Рахималиевна ұйымдастырып, өткізді.


