17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай Алматы қаласында студент жастардың белсенділігін, ұйымшылдығын, зияткерлік әлеуеті мен көшбасшылық қабілеттерін дәріптеуге бағытталған «Ең үздік студенттік топ» байқауы өтті.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, «Алматы студенттер Альянсы» ұйымдастыруымен өткен байқауға Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университетінің атынан ALT UNION командасы қатысты.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде командалардың портфолиолары қабылданып, студенттік топтардың жетістіктері мен қоғамдық белсенділігі бағаланды. Екінші кезеңде қатысушылар «Jas IQ» интеллектуалды сайысында білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін сынады. Үшінші кезеңде «Оқитын ұлт – озық ұлт: кітаптан сахнаға» тақырыбында бейнематериалдар мен сахналық қойылымдар ұсынылды.
Үш кезеңнің барлығынан сәтті өткен ALT UNION командасы байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алып, финалда университет намысын абыроймен қорғады. Команда студенттік өмірдің белсенділігін, ұйымшылдығын және шығармашылық әлеуетін жоғары деңгейде көрсетті.
ALT UNION командасын байқаудың финалына дейін жетіп, университетіміздің атынан лайықты өнер көрсеткені үшін құттықтаймыз! Алдағы уақытта толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз!
Автор: Қадырбек Айзада


