2025 жылғы 30 мамырда Мухаметжан Тынышбаев атындағы ALT Университеті мен Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі — Мәскеу байланыс және информатика техникалық университеті (МТУСИ) арасында Ынтымақтастық ниеті туралы хаттамаға қол қойылды. ALT Университет делегациясын Университеттің Құрылтайшысы Серикова Гульзана Бейбітқызы басқарды.
МТУСИ – телекоммуникация және цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау бойынша Ресейдегі жетекші университеттердің бірі. Кездесу барысында тараптар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, академиялық ұтқырлық пен ғылыми жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Университеттер жоғары білікті ІТ-мамандарды даярлау, оқытушылармен алмасу және бірлескен цифрлық шешімдер жасау бағытында өзара ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. МТУСИ-пен орнаған бұл серіктестік ALT Университеті үшін ІТ саласын дамытуда маңызды қадам болмақ.