2026 жылғы 26 наурызда Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университетінде Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдиновтың халықпен кездесуі өтті.
Сапар аясында Департамент өкілдері үшін Университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова мен жоғары оқу орны басшылығының қатысуымен кампус-тур ұйымдастырылды. Делегацияға заманауи оқу аудиториялары, мамандандырылған зертханалар мен кампустың жаңартылған инфрақұрылымы, сондай-ақ білім беру ортасын цифрландырудан бастап сұранысқа ие инженерлік және техникалық мамандарды даярлауға дейінгі университеттің негізгі даму бағыттары таныстырылды.
Халық алдындағы есеп беру кездесуінде бүгінгі таңда полиция қызметі бірнеше негізгі бағыттар бойынша құрылатыны атап өтілді: құқық бұзушылықтың алдын алу, процестерді цифрландыру және халықаралық іс-қимылды дамыту. Полиция департаменті өз жұмысына заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект негізіндегі талдау жүйелерін, ұшқышсыз аппараттарды, сондай-ақ дәлелдемелермен жұмыс істеуге арналған цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізуде.
Есірткі заттарының таралуына қарсы іс-қимылға, оның ішінде есірткі жарнамасымен күресуге ерекше көңіл бөлінуде. Еріктілер мен бей-жай қарамайтын азаматтардың қатысуымен есірткі жарнамасы бар 15 мыңнан астам граффити жойылып, 2 900-ге жуық интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.
Мұндай кездесулер қоғам, білім беру ортасы және құқық қорғау органдары арасында ашық диалог құруға, сондай-ақ қауіпсіздік және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерінде бірлескен күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


