2026 жылғы 19 қарашада Мұхаметжан Тынышбаев атындағы ALT Университетінде білім алушылардың психологиялық саулығын қолдауға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған «Psycho Express ALT» жобасы өтті.
Іс-шараның ашылуында Тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаментінің директоры Маханбет Бауыржан Сабитұлы кіріспе сөз сөйлеп, білім алушылардың менталды денсаулығын қолдаудың, психологиялық тәуекелдердің алдын алудың және Университетте қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Жобаның бастамашысы — Менталды денсаулық офисінің жетекшісі Шабденова Дария Рахималиевна. Іс-шараны ұйымдастыруға психолог-консультант Қапар Нурхан Аманжолұлы атсалысты.
Іс-шара психиатр-суицидолог, «Психотерапия орталығы» ЖШС директоры Сергей Владимирович Склярдың «Жастар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбындағы дәрісімен басталды. Дәріс барысында суицидтік қауіп белгілерін ерте анықтау, дағдарыстық жағдайда қолдау көрсету және мамандардың өзара іс-қимылы мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар VITA NOVA тұлғалық трансформация орталығының меңгерушісі Антон Юрьевич Лапшин білім алушыларға алкогольдік және никотиндік тәуелділіктің, сондай-ақ буллингтің алдын алу тақырыбында дәріс өткізді. Спикер зиянды әдеттердің психологиялық себептері, тәуелділіктің алғашқы белгілері, құрдастар қысымына қарсы тұру және көмекке дер кезінде жүгіну жолдары туралы айтып берді.
Дәрістерге білім алушылар, профессорлық-оқытушылық құрам және эдвайзерлер қатарынан 500 адам қатысты.
Жобаның келесі кезеңінде Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының психологтары білім алушыларға, қызметкерлерге және профессорлық-оқытушылық құрамға экспресс-диагностика мен жеке психологиялық консультациялар өткізді. Қатысушылар өздерін толғандыратын мәселелерді мамандармен құпия жағдайда талқылап, эмоциялық жағдайы бойынша ұсынымдар мен бастапқы психологиялық қолдау алды.
Бағдарлама соңында психология ғылымдарының кандидаты, гештальт-терапевт, психометрист-тестолог Сақтағанова Тилла Сарсеновна шақырылған психологтарға арналған «Психологиялық консультация жүргізу техникалары және арт-диагностика» тақырыбында тренинг өткізді. Практикалық бөлімде консультациялық жұмыстың тиімді тәсілдері, клиентпен байланыс орнату және арт-диагностикалық әдістерді қолдану ерекшеліктері қарастырылды.
Іс-шара психологиялық және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға, менталды денсаулықты сақтауға, мамандардың кәсіби тәжірибе алмасуына және Университетте қолдаушы орта қалыптастыруға бағытталды.
Жобаға қатысып, кәсіби қолдау көрсеткен барлық спикерлерге, психологтар мен мамандарға алғыс білдіреміз!
Автор: Қапар Нурхан


