Алматы қаласының әкімінің орынбасары Қалдыбек Азамат Бескемпірұлының қолдауымен Мұхаметжан Тынышпаев атындағы ALT Университетінің №4 жатақханасында студенттерге арналған Дағдарыс орталығы ашылды.
Бұл орталықтың басты мақсаты – Алматыға білім алуға келген, бірақ әртүрлі себептермен қиын жағдайда қалған студенттерге уақытша көмек көрсету. Орталықта 55 орын қарастырылған және мұнда жастар үшін барлық қажетті жағдай жасалған: жайлы жатын орын, асхана, оқу залы және психологиялық қолдау қызметтері.
Жиынға қатысқан проректорлар мен университет өкілдері студенттердің әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету, жастардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. ALT Университеті әрқашан студенттерді қолдауға бағытталған жобаларға белсенді атсалысып, қаланың білім беру кеңістігін дамытуға үлес қосып келеді.
Бұл бастама жастардың тек білім алып қана қоймай, жан-жақты дамуына, рухани және әлеуметтік тұрғыдан қолдауға ие болуына бағытталған маңызды қадам болып отыр.