ALT Университетінде Ташкент мемлекеттік көлік университетінің магистранттары мен докторанттарына арналған ғылыми семинарлар өтті
2026 жылғы 13 қазанда ALT Университетінде Ташкент мемлекеттік көлік университетінің магистранттары мен докторанттарына арналған ғылыми семинарлар ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас зерттеушілердің ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамыту, халықаралық ғылыми жарияланымдарға қойылатын талаптармен таныстыру және ғылыми зерттеу әдіснамасы бойынша білімдерін жетілдіру.
Бағдарлама аясында алғашқы болып техника ғылымдарының докторы, профессор, «Көлік» мамандығы бойынша ЖАК (ВАК) профессоры Солоненко Владимир Гельевич «Ғылыми зерттеу әдістері» тақырыбында семинар өткізді. Семинар барысында ғылыми зерттеуді жоспарлау, зерттеу әдістерін таңдау, ғылыми нәтижелерді жүйелеу және зерттеу жұмысының тиімділігін арттырудың заманауи әдіснамалық тәсілдері қарастырылды.
Одан кейін техника ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Мұсаев Жанат Сұлтанбековичтің қатысуымен «Ғылыми жарияланымдар Scopus және Web of Science базаларында: талаптар мен ұсыныстар» тақырыбында семинар өтті. Спикер халықаралық ғылыми журналдарда мақала жариялаудың негізгі талаптарын түсіндіріп, ғылыми мақалаларды дайындау, тиісті басылымдарды таңдау және жарияланым сапасын арттыру бойынша маңызды ұсыныстарымен бөлісті.
Ғылыми семинарлар қатысушыларға өз білімдерін тереңдетуге, тәжірибе алмасуға және ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың тиімді тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді.
Мұндай академиялық іс-шаралар ALT Университеті мен Ташкент мемлекеттік көлік университеті арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуға және магистранттар мен докторанттардың ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Автор: Рысбек А. Ш.


