2026 жылғы 12 қарашада ALT университетінде БҰҰ-ның «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» атты 11-ші Тұрақты даму мақсаты аясында «Теміржол инфрақұрылымын қауіпсіз және тұрақты жобалау» тақырыбында семинар өтті. Студенттер презентацияларын қорғап, теміржол трассасын таңдауда жер бедері мен табиғи жағдайлар қалай ескерілетінін түсіндірді. Олар пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға әсерді азайту және елді мекендердің көлікке қолжетімділігін арттыру жолдарын талқылады.
Студенттер өз баяндамаларында геоақпараттық жүйелер арқылы трасса өтетін аумақты талдау, BIM технологиясымен теміржол нысандарының цифрлық моделін жасау, дрондар мен жасанды интеллект көмегімен жол ақауларын анықтау тәсілдерін таныстырды. Семинарда екі бейнеролик көрсетілді. Біріншісінде теміржол трассасын жобалауға арналған инженерлік іздестіру жұмыстары, екіншісінде дуалды оқыту аясында жол дистанциясында теңестіру рельсін төсеу барысы көрсетілді.
Автор: Кутжанова А.А., Сарепова М.Д.


