9 шілде күні М.Тынышпаев атындағы АЛТ Университетінің бітіруші түлектеріне арналған дәстүрлі диплом табыстау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше әсерге толы сәттерге айналды.
Салтанатты рәсім Ғылым Ордасы Академиясының залында өтті. Кешті университет президент-ректоры Жармагамбетова Меруерт Советовна ашып, бітіруші түлектерге жүрекжарды тілегін білдіріп, болашақ өмір жолында сәттілік тіледі. Сонымен қатар, басқарма мүшелері мен профессор-оқытушылар құрамы да түлектерге жылы лебіздерін жеткізді.
Салтанатты іс-шараға құрметті қонақтар да қатысты:
- Самбетов Қалтай Самбетович — «Қазақстан темір жолы» магистральдық желісі бөлімшесінің директор кеңесшісі;
- Телтаев Бағдат Бұрханбайұлы —⠀ Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының және Халықаралық көлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, ТМД мен Қазақстан Республикасының Құрметті жолшысы.
Бұл күн – студенттік өмірдің қорытындыланып, үлкен өмірге жасалған қадам. Университеттің дамуына, қоғамдық және әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып, ерекше көзге түскен 34 бітіруші түлек Ректордың Алғыс хатымен және арнайы естелік статуэткамен марапатталды.
Сондай-ақ, ұл-қыздарын тәрбиелеп, білім мен тәрбие жолында үлкен қолдау көрсеткен 19 ата-анаға да Алғыс хаттар табыс етілді. Бұл – ата-аналарға деген ерекше ризашылықтың белгісі.
Салтанатты кеш түлектер үшін ұмытылмас естелікке айналып, олардың өміріндегі жаңа белестің басталуына жол ашты.