2026 жылғы 6 қарашада ALT University-дің ALTeam командасы Алматы көпсалалы колледжінде өткен «Жастар көшбасшылығы: мүмкіндіктер алаңы» атты форумға қатысты.
Форум аясында ALTeam командасы колледждің жұмысшы және техникалық біліктіліктер бойынша білім алып жатқан бітіруші курс студенттеріне кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Студенттерге ALT University-ге оқуға түсу мүмкіндіктері, жоғары білім алудың артықшылықтары, білім беру бағдарламалары, қысқартылған оқу форматы және колледжден кейін жоғары оқу орнында білімін жалғастыру жолдары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Кездесу барысында студенттер университетке түсу талаптары, мемлекеттік гранттар мен жеңілдіктер, оқу үдерісінің ерекшеліктері және болашақ кәсіби даму мүмкіндіктері жөнінде өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Іс-шараның басты мақсаты – колледж түлектерінің кәсіби және академиялық әлеуетін дамытуға ықпал ету, олардың жоғары білім алуға деген қызығушылығын арттыру және болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға бағыт беру.
Аталған бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім» және 8-мақсаты – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» бағыттарымен үндеседі. Атап айтқанда, жастар үшін сапалы білімге қолжетімділікті кеңейтуге, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына жағдай жасауға бағытталған.
ALT University жастардың білім алуына, кәсіби дамуына және болашақта табысты мансап құруына қолдау көрсетуді жалғастырады.
Автор: Нышанбекова Қ. Қ.


