2026 жылғы 16 қазанда Астанада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастырған «Қарқынды өзгермелі әлемдегі қабылдау емтихандары» атты халықаралық конференция өтті.
Халықаралық алаңда ALT University атынан Академиялық қызмет жөніндегі проректор Шамиль Асқарұлы Абдрешов қатысты.
Конференция білім беруді бағалау саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдерін, ұлттық емтихан орталықтарының басшыларын, ғалымдарды, сарапшыларды және жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктірді. Қатысушылар арасында ETS және College Board (АҚШ), AQA Global (Ұлыбритания), Vretta (Канада), Жоғары экономика мектебінің (Ресей) мамандары, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген сарапшылар болды.
Пленарлық отырыс шеңберінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қабылдауды бағалау саласындағы халықаралық тәжірибе алмасудың және талапкерлерді іріктеудің заманауи тәсілдерін іздеудің маңыздылығын атап өтті. Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және қазақстандық жоғары білім беру жүйесін жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялауға ерекше назар аударылды.
Конференцияның басты тақырыптарының бірі — технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында қабылдау емтихандарына деген тәсілдердің өзгеруі болды. Қатысушылар меңгерілген білімді тексеруден университетте білім алуға дайындықты кешенді бағалауға, соның ішінде сыни ойлау, ақпаратпен жұмыс істеу, коммуникациялық дағдылар мен жаңа құзыреттіліктерді меңгеру қабілетіне өтуді талқылады.
Жоғары оқу орнында табысты білім алу үшін қажетті дағдылар мен құзыреттіліктерді бағалауға бағытталған Admissions Insight Test (AIT) бастамасын дамытуға жеке көңіл бөлінді. Сарапшылар сондай-ақ жасанды интеллекттің білім беруді бағалауға тигізетін әсерін, тестілеу нәтижелерінің обьективтілігі мен сенімділігі мәселелерін, сонымен бірге халықаралық тәжірибені ұлттық білім беру жүйелеріне бейімдеу мүмкіндіктерін қарастырды.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов бағалау құралдарын әзірлеуге, тест материалдарының сапасын қамтамасыз етуге және нәтижелердің сенімділігін дәлелдеуге ғылыми негізделген тәсілдің маңыздылығын баса айтты. Талқылаулар барысында сонымен қатар қабылдау емтихандары жүйесін жетілдірудегі халықаралық ынтымақтастық тәжірибесі таныстырылды.
Тақырыптық сессиялар аясында халықаралық сарапшылар цифрлық трансформация жағдайында сұранысқа ие негізгі құзыреттіліктерді, соның ішінде сыни мен шығармашылық ойлауды, академикалық жазуды, зерттеу дағдыларын, цифрлық сауаттылықты және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді бағалаудың заманауи әдістерін қарастырды. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан ұлттық тестілеу орталықтарының өкілдері қабылдау емтихандары жүйесін дамыту мен бейімдеу тәжірибесімен бөлісті.
ALT University өкілінің халықаралық конференцияға қатысуы білім беруді бағалаудың озық практикаларын зерделеуге, кәсіби тәжірибе алмасуға және жоғары білім беру жүйесін жетілдірудің өзекті тәсілдерін талқылауға ықпал етті. Қарастырылған мәселелер университеттің академикалық қызметін одан әрі дамыту және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін маңызды мәнге ие.
ALT University-дің қабылдау бағалауының заманауи тәсілдерін және білім беру технологияларын дамытуды талқылауға қатысуы ЦУР 4 «Сапалы білім» мақсатына, ал білім беру процесіне инновациялық шешімдер мен цифрлық құралдарды енгізу — ЦУР 9 «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» мақсатына толық сәйкес келеді.
Автор: Алия Ерлан


