2026 жылғы 3–5 қараша аралығында ALT University Халықаралық рейтингтер кеңсесінің жетекшісі Айзада Сарина Индонезияның Бали халықаралық конференц-орталығында (BICC) өткен QS Higher Ed Summit: Asia Pacific 2026 халықаралық саммитіне қатысты.
Іс-шара Азия-Тынық мұхиты өңірі мен әлемнің өзге де мемлекеттерінен келген 1 000-нан астам университет басшыларының, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жоғары білім саласындағы сарапшылардың басын қосты. Саммиттің басты тақырыбы — «Advancing Education for Purpose and Impact» («Маңызды мақсаттар мен нақты нәтижелер жолында білім беруді дамыту»).
Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар жоғары білім беруді интернационалдандыру, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану, түлектерді заманауи еңбек нарығының талаптарына сай даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту және трансшекаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Саммитке қатысу жоғары білім берудің стратегиялық дамуы мен сапасын қамтамасыз етудің өзекті халықаралық тәсілдерімен танысуға, шетелдік университет өкілдерімен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ALT University-дің халықаралық серіктестігін кеңейту перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.
«QS Higher Ed Summit саммитіне қатысу Азия-Тынық мұхиты өңірі университеттерінің озық тәжірибесін зерделеуге және жоғары оқу орындарының стратегиялық дамуы, сапаны қамтамасыз ету мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың заманауи тәсілдерін талқылауға берілген маңызды мүмкіндік болды. Алынған білім мен орнатылған кәсіби байланыстар алдағы уақытта ALT University-дің халықаралық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайту жұмыстарында пайдаланылатын болады», — деп атап өтті Айзада Сарина.
Саммитті QS Quacquarelli Symonds халықаралық рейтингтік агенттігі ұйымдастырды. Қабылдаушы тарап — BINUS University, ал тең ұйымдастырушылар — Universitas Padjadjaran және The Education University of Hong Kong.
Автор: Сарина А. А.


