Select Page

2026 жылғы 12 қарашада Шанхай қаласында өткен XXIV Қытай халықаралық мамандар алмасу конференциясы аясында «Бір белдеу — бір жол» бастамасына қатысушы университеттерде кадрларды халықаралық деңгейде даярлауға арналған ректорлар мен декандардың тақырыптық кездесуі өтті.

ALT University Басқарма төрағасы — Ректоры Меруерт Советқызы Жармағамбетова «Жаңа буын инженерлерін даярлау» тақырыбында баяндама жасады.

Ректор өз сөзінде қазіргі заманғы технологиялық өзгерістер мен көлік саласының сұраныстарын ескере отырып, инженерлік білім беруді дамыту, білікті мамандар даярлау және білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша ALT University тәсілдерін таныстырды.

Кездесу барысында қатысушылар жоғары білім беруді интернационалдандырудың негізгі бағыттарын, бейінді академиялық пәндерді дамытуды, шетелдік студенттерді бірлесіп даярлауды, профессор-оқытушылар құрамымен алмасуды, сондай-ақ білім беру бағдарламалары мен академиялық кредиттерді өзара тану тетіктерін талқылады.

Сол күні халықаралық мамандар алмасу мен ғылыми ынтымақтастыққа арналған «Бір белдеу — бір жол» дөңгелек үстелі өтті. Негізгі назар бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми зертханалар құру, университетаралық жобаларды іске асыру және магистранттар мен докторанттарды бірлесіп даярлау перспективаларына аударылды.

ALT University-дің халықаралық кездесуге қатысуы университеттің инженерлік білім беру саласындағы тәжірибесін таныстыруға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және шетелдік университеттермен академиялық әрі ғылыми өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жаңа буын инженерлерін даярлау — ALT University стратегиясының маңызды құрамдас бөліктері.

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия