2026 жылғы 23 қарашада ALT University-де ALASH DEBATE ұйымының ұйымдастыруымен студенттердің интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, сыни ойлау қабілетін жетілдіруге және пікір білдіру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «AZAT CUP» пікірсайыс турнирі өтті.
Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім» және 16-мақсаты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағыттарына сәйкес ұйымдастырылды.
«Азат ой – қоғам дамуының қозғаушы күші» ұранымен өткен турнир барысында қатысушылар Қазақстан қоғамындағы өзекті әлеуметтік, экономикалық, білім беру және мәдени мәселелерді талқылады.
Пікірсайыс алаңында жемқорлықпен күрес, білім беру жүйесі, әлеуметтік теңсіздік, жастарға мемлекеттік қолдау көрсету және дәстүрлі құндылықтардың қоғам дамуындағы рөлі тақырыптарында қарарлар қозғалды. Қатысушылар Үкімет және Оппозиция тараптарында өз ұстанымдарын қорғап, нақты дәлелдер мен дәйектер арқылы қарсы тараптың пікіріне жауап берді.
Турнирдің басты ерекшелігі – қатысушылардың қоғамдық мәселелерге әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарауына, өз ойын еркін жеткізуіне және балама шешімдер ұсынуына мүмкіндік беруі.
«AZAT CUP» турнирі жастар арасында пікірсайыс мәдениетін дамытуға, шешендік өнерді жетілдіруге, интеллектуалдық белсенділікті арттыруға және азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң болды.


