2026 жылғы 10–17 қараша аралығында ALT University-де 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай Студенттік үкіметтің ұйымдастыруымен Студенттер апталығы өткізілді.
Апталықтың негізгі мақсаты – студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың университеттің қоғамдық және мәдени өміріне белсенді қатысуын ынталандыру, студенттік бастамаларды қолдау, сондай-ақ жастар арасындағы достық қарым-қатынас пен өзара ынтымақтастықты нығайту.
Апталық аясында студенттерге арналған түрлі бағыттағы мәдени, танымдық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, студенттердің жарқын сәттері мен естеліктерін біріктірген «Естелік…» фотосуреттер акциясы, кино кеші, акустикалық кеш, арнайы шақырылған қонақтың қатысуымен өнегелі кездесу, сондай-ақ «Alash Cup-2026: Болашақ Қазақстан – жастар ұсынған шешім» атты дебат турнирі өткізілді.
Сонымен қатар, студенттердің шығармашылық қабілеттерін көрсетуіне, өнерге деген қызығушылығын арттыруға және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарламаға арнайы шақырылған әншілер, бишілер мен өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Студенттер апталығы аясында өткізілген іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың бастамашылдығы мен белсенділігін арттыруға, шығармашылық және әлеуметтік әлеуетін дамытуға бағытталды.
Аталған апталық университеттің студенттік өмірін жандандыруға, студенттер арасындағы өзара байланысты нығайтуға және университеттің корпоративтік мәдениетін дамытуға үлес қосты. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар студенттердің өзін-өзі басқару жүйесіне қатысуын ынталандырып, олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Автор: Қадырбек Айзада


