Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT University-дің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған көлік қауіпсіздігі мен цифрландыруға арналған VII Еуразиялық форум аясында KTZ–ALT Innovation республикалық хакатоны өтті. 1–2 қазан күндері өткен екі күндік шараға 43 студенттік команда қатысып, теміржол саласына арналған цифрлық шешімдерін әзірледі.
Хакатонды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ALT University қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды көлік саласын цифрлық трансформациялауға тарту, инженерлік және IT-құзыреттерін дамыту, сондай-ақ өндірістегі нақты міндеттерге арналған инновациялық шешімдерді іздеу.
Хакатонға Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Ақтау қалаларынан 170-тен астам студент қатысты. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 16 команда финалға жолдама алды.
Қатысушылар 24 сағат ішінде ҚТЖ-ның нақты өндірістік міндеттеріне негізделген «Цифрлық станция» және «Автодиспетчер» кейстерімен жұмыс істеді. Тәжірибелі тәлімгерлердің қолдауымен командалар цифрлық шешімдер әзірлеп, олардың жұмыс істейтін прототиптерін жасап, жобаларын сарапшылар алқасына таныстырды.
Хакатон қорытындысы бойынша бірінші орынды Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің SULU (SU Logistics United) командасы мен М. Тынышпаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінің «Шаңырақ» командасы иеленді.
Екінші орын ALT University-дің Beseu командасы мен Алматы технологиялық университетінің NOVA командасына бұйырды. Ал үшінші орынды Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Insomnia командасы мен Қазақстан-Неміс университетінің LogWay командасы бөлісті.
Бұдан бөлек, өз жобаларын ұсынған командалар қатарында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Peak және VanGogh командалары, ALT University мен Алматы энергетика және байланыс университетінің Secret API командасы, сондай-ақ «Тұран» университетінің Bulls командасы болды.
Хакатонның жалпы жүлде қоры 2,5 миллион теңгені құрады.
KTZ–ALT Innovation хакатоны білім беру ұйымдары мен өндіріс саласы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Мұндай бастамалар студенттерге теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға, саланың нақты міндеттерімен танысуға, командалық жұмыс пен жобалық ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
ALT University үшін Еуразиялық форум аясында хакатон өткізу – көлік саласының заманауи технологиялық талаптарына жауап бере алатын инженерлік және IT-мамандарды даярлау бағытындағы жұмыстың жалғасы.
Автор: Алия Ерлан


