28 мамыр күні ALT University-де 5 маусым — Қоршаған ортаны қорғаудың Дүниежүзілік күніне орай мазмұнды әрі қызықты семинар өтті. Іс-шараны «АТС және Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» кафедрасының оқытушылары ұйымдастырып, тұрақты даму мен экология тақырыбына бейжай қарамайтын студенттер мен оқытушыларды біріктірді.
Семинарға «Еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері мен түрлі мамандықтар бойынша белсенді жастар қатысты. Іс-шара экологиялық жауапкершілікке бағытталған идеялармен бөлісуге және пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Семинарды ассистент-профессор Л.Н. Бимагамбетова ашты. Ол Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) пайда болу тарихы мен олардың адамзат болашағы үшін маңыздылығын түсіндірді. Баяндамасында тұрақты дамудың ұғымы мен оның экологиялық және әлеуметтік тұрақты қоғам құрудағы рөліне ерекше назар аударылды. Тыңдаушылар баяндамадан ерекше әсер алып, қоршаған ортаға жеке жауапкершілік туралы терең ойға қалды.
Одан кейін лектор А.А. Торғаев «Қазақстанның экологиялық мәселелері» тақырыбында мазмұнды презентация жасады. Ол ауа мен су ресурстарының ластануы, жердің тозуы және өндірістік қалдықтар мәселелерін көтерді. Презентация қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, белсенді пікірталасқа ұласты. Студенттер экологиялық мәселелерді шешуге қатысты өз идеяларымен бөлісті.
Семинардың қызықты қорытындысы Kahoot платформасы арқылы өткен интерактивті экологиялық викторина болды. Оны қауымдастырылған профессор Е.А. Дюсембин мен лектор Б.Б. Курмашев ұйымдастырды. Қатысушылар викторинада өз білімдерін сынап, белсенділік танытты. Жеңімпаз арнайы сыйлықпен марапатталды.
Семинар соңында студенттер өз әсерлерімен бөлісіп, жаңа әрі пайдалы мәліметтер алғандарын атап өтті. Бұл шара олардың экологиялық санасын арттырып, күнделікті өмірде табиғатқа жанашырлықпен қарауға шабыттандырды.
Семинар ALT University-дің тұрақты даму мен экологиялық білім беруді қолдайтын жоғары оқу орны ретіндегі беделін тағы бір мәрте растады.