М. Тынышпаев атындағы ALT UNIVERSITY-де Өзбекстан Республикасының Ташкент мемлекеттік көлік университеті өкілдерінің кәсіби тағылымдамасы өтті. Делегация құрамында «Электрмен жабдықтау» кафедрасының доценті, магистранттар және докторант болды.
Тағылымдама бағдарламасы аясында қонақтар Энергетика департаментінің оқу және ғылыми зертханаларымен, заманауи жабдықтарымен және оқу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты. Студенттердің практикалық даярлығына және университеттің энергетика саласындағы кәсіпорындармен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қонақтарға Энергетика департаментінің өндірістік ұйымдар базасында жұмыс істейтін екі филиалы таныстырылды. Олар: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Алматы электрмен жабдықтау дистанциясының ЭЧ-19 бөлімшесі және «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (АЖК).
Ташкент мемлекеттік көлік университетінің «Электрмен жабдықтау» кафедрасының доценті Батырдинов Тимур Наилұлы ALT UNIVERSITY басшылығы мен қызметкерлеріне жылы қабылдау, мазмұнды тағылымдама бағдарламасы және Энергетика департаменті филиалдарының өндірістік алаңдардағы жұмысын тікелей көру мүмкіндігі үшін шынайы алғысын білдірді. Ол ұсынылған тәжірибенің практикалық маңыздылығын және оны білім беру қызметінде қолдану мүмкіндіктерін атап өтті.
Тағылымдама барысында кәсіби және академиялық тәжірибе алмасу жүзеге асып, білім беру және ғылыми салалардағы одан әрі ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Ташкент мемлекеттік көлік университетінің өкілдері «Электр энергетикасы» (ЭЭ) білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің перспективалық бағыттары айқындалды.
Тағылымдама білім мен кәсіби тәжірибе алмасуға, сондай-ақ университетаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсаты — «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» аясында жүзеге асырылды. Ол халықаралық білім беру байланыстарын дамытуға, академиялық тәжірибе алмасуға және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.
Автор: Утепбергенова С. М.


