2026 жылғы 7 қазанда ALT University-де Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының сұранысы бойынша «Толық адам» жобасы аясында семинар өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты – студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру және жастар арасында «Толық адам» тұжырымдамасының құндылықтарын дәріптеу.
Іс-шара барысында студенттерге зейнетақы жүйесі туралы ақпарат беріліп, зейнетақы жарналарының маңызы мен болашақтағы пайдасы түсіндірілді. Зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың ерекшеліктері, еңбек қызметін бастаған кезден бастап болашақты жоспарлаудың маңыздылығы және қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар, студенттер волонтерлік жобалар мен қазіргі уақытта өтіп жатқан волонтерлік бағыттағы байқаулар туралы ақпарат алды. Еріктілік қызметтің маңыздылығы, қоғамдық бастамаларға қатысу мүмкіндіктері және жастардың қоғам өміріндегі белсенді рөлі туралы түсінік берілді.
Семинар барысында білім, еңбек, ар-ұят, адалдық және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарына ерекше назар аударылды. Іс-шара студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға, волонтерлік қызметке қызығушылығын дамытуға және саналы, жауапты азамат қалыптастыруға бағытталды.
Автор: Қадырбек Айзада


