Select Page

2026 жылғы 14–15 қарашада XXIV Қытай халықаралық мамандар алмасу конференциясы аясында ALT University делегациясы Ланьчжоу көлік университетінің (Lanzhou Jiaotong University, LZJTU) базасында өткен іс-шараларға қатысып, Ганьсу провинциясындағы жұмысын жалғастырды.

14 қарашада халықаралық ынтымақтастық жөніндегі конференция өтті, оның шеңберінде «111» орталығының ашылуы, ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою, халықаралық редакциялық алқаларға өкілдер тағайындау және ғылыми басылымдардың редакторларымен кездесулер ұйымдастырылды.

Халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуға, академиялық өзара іс-қимылды кеңейтуге және бірлескен білім беру мен зерттеу жобаларын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Сапар барысында ALT University өкілдері қабылдаушы университеттің тарихымен және инфрақұрылымымен танысып, университет тарихы музейін, кітапхананы және ғылыми-зерттеу зертханаларын аралады. Түстен кейін факультеттер мен академиялық бөлімшелердің өкілдерімен бейінді кездесулер өтті.

1958 жылы негізі қаланған Ланьчжоу көлік университеті — Қытайдың жетекші бейінді көлік жоғары оқу орындарының бірі. Университет құрамында 21 мектеп бар, мұнда 66 бакалавриат бағдарламасы, бірінші деңгейлі пәндер бойынша жеті докторлық бағдарлама және 28 магистрлік бағдарлама жүзеге асырылады. Оның ғылыми бағыттары инженерлік, химиялық, материалтану, экологиялық және геологиялық зерттеулерді қамтиды.

Университет Қытай мен өзге де елдердегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуда мол тәжірибеге ие. Олардың қатарында Цинхай — Тибет, Сычуань — Тибет, Қытай — Лаос, Джакарта — Бандунг, Будапешт — Белград және Момбаса — Найроби теміржолдарының құрылысы бар. Цинхай — Тибет теміржолын салу кезіндегі ғылыми-техникалық шешімдері үшін университет Қытайдың ғылыми-техникалық прогресс саласындағы Мемлекеттік сыйлығының арнайы жүлдесіне ие болды.

Бүгінде LZJTU халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, әлемнің 30-дан астам елі мен өңірінен 60-тан астам университетпен серіктестік қарым-қатынас орнатқан. Сондай-ақ университет «Бір белдеу — бір жол» бастамасының Университеттер альянсына кіреді.

15 қарашада делегация Ганьсу провинциясының кәсіпорындарын аралау бағдарламасына қатысты. Халықаралық сарапшылар индустриялық парктердің, жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен, өңірдің өнеркәсіптік даму ерекшеліктерімен және оның инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты.

Бұл сапар ALT University үшін қытайлық көлік білімінің озық тәжірибесін зерделеуге, ғылыми-зерттеу және өндірістік инфрақұрылыммен танысуға, сондай-ақ Ланьчжоу көлік университетімен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Қытайдың жетекші бейінді университеттерімен және өнеркәсіптік кәсіпорындарымен серіктестікті дамыту бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, академиялық алмасу, инженерлік білім беру бағдарламаларын жетілдіру және көлік саласы үшін мамандар даярлау ісінде қосымша мүмкіндіктер ашады.

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия