Республика күні қарсаңында Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-де әскери кафедра түлектеріне әскери билеттерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Запастағы сержанттарды даярлаудың бір жарым жылдық бағдарламасының қорытындысы бойынша 305 студентке сержант әскери шені берілді.
Іс-шара университет тарихында тұңғыш рет өтіп, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесіндегі маңызды оқиғаға айналды. Салтанатты рәсімге ALT University басшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери кафедра өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Іс-шараның құрметті қонағы — полковник Габиль Имамеддинович Халафов болды.
Салтанатты жиынды ашқан ALT University Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, университеттің 95 жылдық мерейтойы жылында бұл мерекенің айрықша маңызын атап өтті.
«Әскери билет — бұл тек дайындықтан өткенді растайтын құжат қана емес, сонымен бірге Отан алдындағы азаматтық жауапкершіліктің де символы. Елге қызмет ету күнделікті адал еңбектен, сапалы білімнен, кәсібиліктен және қоғамға пайда келтіруге деген ұмтылыстан басталады», — деп атап өтті Басқарма төрағасы – Ректор.
Ол сондай-ақ әскери дайындық студенттердің бойында тәртіпті, төзімділікті, қабылданған шешімдерге жауапкершілікті және бірлесіп әрекет ету дағдыларын қалыптастыратынын тілге тиек етті. Бұл қасиеттер әскери қызмет үшін ғана емес, жас мамандардың болашақ кәсіби қалыптасуы үшін де зор мәнге ие.
Оқиғаның маңыздылығын өз сөзінде ALT University әскери кафедрасының бастығы полковник Ерназар Хамидуллович Ишанов та атап өтті. Ол әскери билеттерді тапсыру рәсімі университетте алғаш рет өткізіліп отырғанын және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру деңгейін арттыруға, азаматтық жауапкершілік пен әскери борышқа құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді.
Рәсім барысында түлектерге әскери шендерді беру туралы бұйрық негізінде әскери билеттер салтанатты түрде табыс етілді. Бұдан бөлек, университеттің профессор-оқытушылар құрамының өкілдерін де марапаттау өтті.
ALT University-де әскери дайындық студенттердің негізгі білімін толықтырып, әскери іс саласында білім мен практикалық дағдыларды алуға мүмкіндік береді. Университет көлік және логистика, құрылыс, энергетика, ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялар, экономика және менеджмент бағыттары бойынша мамандар даярлайды.
Оқыту бағдарламасы теориялық және практикалық дайындықты қамтиды. Студенттер жалпыәскери жарлықтарды, тактиканы, атыс дайындығын, әскери топографияны, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау негіздерін зерделейді. Практикалық сабақтар мен оқу-жаттығу жиындары алған білімдерін нығайтуға, ұйымшылдық пен өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Түлектерге арнаған сөзінде ректор алған білімдері мен қалыптасқан қасиеттері олардың болашақ кәсіби жолының сенімді негізіне айналатынына сенім білдірді. Ол сондай-ақ Қарулы Күштердің ардагерлеріне жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін, ал әскери кафедра ұжымына студенттерді дайындағаны және әскери-патриоттық дәстүрлерді дамытқаны үшін алғыс айтты.
Салтанатты рәсім мерекелік концерттік бағдарламамен және «Атамекен» әнін бірлесе орындаумен аяқталды.
Әскери даярланған резервті қалыптастыру — азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді тәрбиелеудің маңызды бөлігі. Биыл 95 жылдығын атап өтіп жатқан ALT University үшін бұл — Қазақстанның мүддесіне қызмет етуге дайын білікті мамандар мен жауапты азаматтарды даярлауға қосқан кезекті үлесі.
Автор: Алия Ерлан


