2026 жылғы 12 қарашада ALT University-дің шетелдік студенттері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен ҚР Ұлттық ғылым академиясының (ҰҒА) 80 жылдығына орай ұйымдастырылған III Халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты. Ауқымды ғылыми іс-шара Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында өтті.
Конгрестің мазмұнды бағдарламасы аясында студенттер:
- Жас ғалымдар мен жас зерттеушілердің инновациялық әзірлемелер көрмесімен танысып, академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейін аралады;
- Қазақстан, АҚШ (Гарвард), Қытай (BUPT), Германия, Австрия, Швеция, Иран, Марокко, Португалия және Үндістанның жетекші зерттеушілерінің ғылыми баяндамаларын тыңдады — тақырыптар сутегі энергетикасы мен 3D-басып шығарудан бастап биомедицина мен мәдениетаралық зерттеулерге дейінгі бағыттарды қамтыды;
- «AI for Science: ғылыми жаңалықтардың жаңа дәуірі» атты пленарлық форумға қатысып, онда ғылымда жасанды интеллектті қолдану, цифрлық егіздер, спутниктік байланыс және жоғары білім беруді трансформациялау мәселелері талқыланды.
Конгреске қатысу шетелдік білім алушыларға халықаралық академиялық ортаға тереңірек енуге, озық ғылыми трендтермен танысуға және әлемдік деңгейдегі танымал сарапшылардың тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік берді.
Автор: Бегман Г. Н.


