2026 жылғы 14 қарашада Ланьчжоу қаласында (ҚХР) бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты тереңдетуге арналған ALT University мен Ланьчжоу көлік университетінің (Lanzhou Jiaotong University) жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу екі университет арасындағы серіктестікті дамытудағы маңызды кезеңге айналды: тараптар бастамаларды алдын ала талқылаудан бірлескен білім беру жобасын іске асырудың нақты тетіктерін келісуге көшті.
ALT University делегациясын Басқарма төрағасы — Ректор Меруерт Жармағамбетова бастап барды. Делегация құрамына сондай-ақ академиялық қызмет жөніндегі проректор Шәміл Әбдірешов және университеттің өзге де өкілдері кірді.
Ланьчжоу көлік университеті тарапынан кездесуге Азаматтық құрылыс мектебінің, Халықаралық білім беру институтының және теміржол құрылысы бейінді бағытының өкілдері қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар білім беру бағдарламаларын ықпалдастыру мүмкіндіктерін, мамандарды бірлесіп даярлау модельдерін, оқу жоспарларының мазмұнын, оқу жүктемесін бөлуді, профессор-оқытушылар құрамын тартуды және білім алушылардың жоспарланған контингентін егжей-тегжейлі қарастырды.
ALT University-дің «Теміржол құрылысы, жолдар және инфрақұрылым» бағытына ерекше назар аударылды. Ректор Меруерт Жармағамбетова аталған білім беру бағдарламасының даму ерекшеліктерін, оның мазмұнын және көлік саласы үшін инженерлік кадрлар даярлау әлеуетін таныстырды.
Өз кезегінде Ланьчжоу көлік университетінің өкілдері теміржол құрылысы бойынша мамандар даярлау тәжірибесін ұсынды. Университеттің бейінді білім беру бағдарламасы ұлттық бірінші санатты бакалавриат бағдарламасы мәртебесіне ие екені және рельстік көлік, инженерлік инфрақұрылым мен табиғи тәуекелдердің алдын алу саласында айтарлықтай ғылыми-білім беру әлеуеті бар екені атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын іске асырудың негізгі мәселелері жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді:
- Оқыту моделі және студенттер қабылдау. Тараптар ҚХР-да сабақ жүргізу үшін ALT University оқытушыларын тарта отырып, қытайлық университет базасында білім беру процесін ұйымдастыруды көздейтін бірлескен оқыту моделін келісті. Сондай-ақ талапкерлердің мақсатты санаты мен бастапқы қабылдау параметрлері айқындалды.
- Білім беру бағдарламасын әзірлеу. Екі тараптың оқу жоспарларындағы міндетті пәндер тізбесі мен олардың үлесі келісілді. Осы негізде университеттер білім беру бағдарламасын өзектендіруге және оқытушылар құрамын одан әрі келісуге кіріседі.
- Ұзақ мерзімді ынтымақтастықты кеңейту. Ағымдағы жобадан бөлек, тараптар мамандарды бірлесіп даярлауды, жазғы және қысқы каникул кезеңіндегі қысқа мерзімді студенттік алмасуларды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын пысықтауға келісті.
Қол жеткізілген уағдаластықтар бірлескен білім беру ынтымақтастығы жобасын одан әрі ілгерілетуге негіз қалайды. Келесі кезең қажетті құжаттаманы дайындау, оқу жоспарларын нақтылау, оқытушылар құрамын және бағдарламаны іске асырудың ұйымдастырушылық шарттарын келісу болмақ.
ALT University мен Ланьчжоу көлік университетінің серіктестігі халықаралық инженерлік білім беруді дамытуға, академиялық ресурстарды біріктіруге және теміржол көлігі мен көлік инфрақұрылымы саласында жоғары білікті мамандар даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.
Автор: Алия Ерлан


