2026 жылғы 11 қарашада Шанхай қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғылыми, білім беру және кәсіби қоғамдастық өкілдерін біріктіретін ауқымды халықаралық алаң — XXIV Қытай халықаралық мамандар алмасу конференциясының ашылуы өтті.
Іс-шараға 120-дан астам ел мен өңірден келген 3 100-ден астам шетелдік сарапшы қатысты. Конференцияның басты тақырыбы — «Әлем мамандарын біріктіре отырып, өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашу».
Конференцияда ALT University атынан Басқарма төрағасы — Ректор Меруерт Жармағамбетова бастаған делегация өкілдік етті. Делегация құрамына сондай-ақ академиялық қызмет жөніндегі проректор Шәміл Асқарұлы Әбдірешов, Инженерия мектебінің директоры Нұргүл Сүлеева және Халықаралық байланыстар кеңсесінің жетекшісі Аян Серіков кірді.
Конференция шеңберінде Жібек жолы бойындағы елдердің ғылыми және кәсіби әлеуетін біріктіруге және көлік саласын басымдықпен дамытуға арналған Ланьчжоу көлік университетінің тақырыптық сессиясы өтті.
Бағдарлама инновациялық жетістіктердің тұсаукесерін, тақырыптық пікірталастарды, шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасуды, дөңгелек үстелдер мен кәсіби кездесулерді қамтыды. Қатысушылар геодезия, картография және геоинформатика, теміржол көлігі, азаматтық құрылыс, автоматтандыру, электротехника және зияткерлік өндіріс салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
ALT University-дің конференцияға қатысуы халықаралық академиялық және ғылыми байланыстарды кеңейтуге, шетелдік университеттермен және зерттеу орталықтарымен серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды дамытуға бағытталған.
Университет үшін мұндай халықаралық алаңдар озық тәжірибе алмасуға, шетелдік сарапшыларды тартуға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне кірігуге қосымша мүмкіндіктер ашады.
Автор: Алия Ерлан


