Астана қаласында ALT University мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы арасындағы сала үшін жоғары білікті кадрларды даярлау саласындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға арналған жұмыс кеңесі өтті.
Кездесуге ALT University басшылығы — Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова, Корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Андрей Иванов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкенов, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің өкілдері қатысты.
ALT University Басқарма төрағасы – ректоры Меруерт Жармағамбетова еліміздің ең ірі жұмыс берушісімен ынтымақтастық студенттер үшін кәсіби өсуге, практикалық дайындыққа және мансапты сәтті бастауға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі «Университет – Өндіріс» (2+1) инновациялық оқыту моделін іске асыру болды. Формат университетте екі жыл оқуды және өндірістік алаңдарда бір жылдық практикалық дайындықты қарастырады. Мұндай тәсіл академиялық білімді салалық кәсіпорындардағы нақты жұмыс тәжірибесімен ұштастыруға мүмкіндік береді.
ALT University студенттері үшін бұл сұранысқа ие құзыреттерді иеленуді, мамандыққа ерте бой үйретуді және оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасудың нақты перспективаларын білдіреді.
Практикаға бағытталған тәсіл қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсетуде. 2025/26 оқу жылында ALT University-дің 1230 студенті теміржол саласының нысандарында өндірістік тәжірибеден өтті, 49 білім алушы бағдарламаны дуалды форматта меңгерді, ал теміржол мамандары студенттер үшін 23 салалық дәріс өткізді. Жаңа оқу жылында бұл көрсеткіштерді одан әрі кеңейту жоспарлануда.
Бүгінгі таңда ALT University ауқымды білім беру экожүйесін қалыптастыруда: университет құрылымына Қазақстанның бес қаласындағы алты колледж, сондай-ақ Ақтау қаласындағы мектеп-лицей кіреді.
Студенттердің қолданбалы дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. ҚТЖ-мен ынтымақтастық аясында студенттік геодезиялық отряд құрылды. Бейіндік бағыттардың білім алушылары «Жезқазған – Сексеуіл» және «Бейнеу – Тассай» учаскелеріндегі инженерлік-геодезиялық жұмыстарға қатысып, нақты өндірістік жағдайларда жұмыс істеудің бірегей тәжірибесін алды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ALT University арасындағы өзара іс-қимыл стратегиясы жалғасатын болады. Оның аясында бірқатар жаңа бастамалар көзделген, олардың бірі цифрлық трансформация және инновациялармен байланысты. Бұл бағытта университетте қазірдің өзінде AI-орталығы ашылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бәсекеге қабілетті инженерлерді даярлауға және еліміздің көлік саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады.


