2 шілдеде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-де Энергетика және цифрлық технологиялар институты түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті.
Оқуын үздік аяқтаған түлектерді ұлықтау шараның ең салтанатты сәтіне айналды. «Қызыл диплом» иегерлері жоғары дайындық деңгейі, мақсатқа ұмтылушылықтары және оқуға деген жауапты көзқарастары үшін ерекше аталып өтті.
Биылғы диплом тапсыру рәсімі ел өміріндегі айтулы оқиға — Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының өз күшіне енуімен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты, университетті үздік бітірген түлектерге дипломдармен бірге еліміздің жаңартылған Негізгі заңының даналары да салтанатты түрде табыс етілді.
Бұл символикалық қадам тек кәсіби білімнің ғана емес, сонымен бірге жоғары азаматтық жауапкершіліктің, заңға деген құрметтің және жастардың мемлекет дамуына белсене қатысуының маңыздылығын көрсетеді.
Рәсім барысында бүгінгі түлектердің жедел технологиялық даму жағдайында жұмыс істейтін, инновацияларды енгізетін және экономика мен қоғамның өркендеуіне үлес қосатын мамандардың жаңа буынына айналатыны атап өтілді.
ALT University үздік диплом иегерлерін құттықтайды және оларға алдағы уақытта сәттілік, кәсіби өсу мен Қазақстан игілігі жолында жаңа жетістіктерге жете беруді тілейді.


