Ағымдағы жылдың 4 наурызы күні Алматы қаласында 20-дан астам жоғары оқу орнының 300-ге жуық белсенді студентінің қатысуымен тағылымды әрі мазмұнды кездесу өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызымен ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Кездесу барысында референдумның қоғам өміріндегі маңызы, жастардың ел болашағындағы стратегиялық рөлі кеңінен талқыланып, қатысушылар өз ой-пікірлерін еркін білдірді.
Бұл басқосу – саналы ұрпақтың мемлекет дамуына бейжай қарамай, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын айқындаған маңызды алаң болды. Ашық пікір алмасу, тың идеялар мен тың көзқарастар – жастардың азаматтық белсенділігінің жарқын көрінісі.
Кеш соңында белсенді жастарға алғыс білдіріліп, арнайы марапаттау рәсімі өтті. Университетіміздің жалынды жасы, «ALT студенттік Альянсы», Кг-24-2к тобының студенті Смағұл Әдемі Тілеужанқызы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі атынан алғыс хатқа ие болды. Бұл – тек жеке жетістік қана емес, білімді де белсенді жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Аталған кездесу Тұрақты даму мақсаттарының (ЦУР) №16 бағыты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» аясында азаматтық жауапкершілікті арттыруға, ашық диалог мәдениетін қалыптастыруға және жастардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын қолдауға бағытталған маңызды қадам болды.
Жастар үні – ел болашағының бағдары.


