2026 жылғы 24 қарашада ALT University-де мұнай-газ саласының өкілдерімен ынтымақтастықты нығайту аясында Көлік құрылысы департаменті «Күрделі жағдайларда жобалау. Жобалаудың заманауи тәсілдері» тақырыбында қонақ дәрісін ұйымдастырды.
Шақырылған спикер – Нысанғалиев Аманғали Нысанғалиевич, техника ғылымдарының докторы, профессор, Инженерлік академияның академигі, Қазақстан Республикасының Құрметті жер қойнауын барлаушысы, Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері, «ҚМГПроект» ЖШС бас директорының кеңесшісі.
Дәріс тақырыбы күрделі табиғи-климаттық және инженерлік-геологиялық жағдайларда инженерлік құрылыстарды жобалаудың өзекті мәселелеріне, жобалық шешімдерді қабылдаудың заманауи тәсілдеріне, мұнай-газ нысандарының сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналды.
Іс-шараның ерекше құндылығы – студенттердің мұнай-газ саласындағы жетекші маманның көпжылдық кәсіби тәжірибесімен, жобалау қызметінің заманауи даму үрдістерімен және инженерлік мамандықтың практикалық қырларымен танысу мүмкіндігінде.
Жетекші салалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткізілетін қонақ дәрістері тәжірибеге бағдарланған білім берудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндай іс-шаралар болашақ инженерлердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, техникалық ойлау қабілетін дамытуға, кәсіби дүниетанымын кеңейтуге және студенттердің таңдаған мамандығына деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.
Осындай кездесулерді өткізу ALT University-дің білім, ғылым және өндірісті интеграциялауға, академиялық қауымдастық пен кәсіби инженерлік орта арасындағы байланысты нығайтуға және заманауи инженерлік міндеттерді шеше алатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға деген ұмтылысын көрсетеді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: Мұратбек Ә.Ж. және Джексенбаев Е.К.
Көлік құрылысы департаменті мазмұнды дәрісі, бай кәсіби тәжірибесімен бөлісуге дайын болғаны және инженерлердің жаңа буынын даярлауға қосқан үлесі үшін Аманғали Нысанғалиевичке шынайы алғысын білдіреді.
Ұрпақтар сабақтастығы, кәсіби тәжірибе және заманауи инженерлік білім – Қазақстанның мұнай-газ саласының табысты болашағының негізі!
Автор: Жансултанова Б. М.


