Бүгін университетімізде «Автоматика және басқару» білім беру бағдарламасының 3 және 4-курс студент қыздарына арналған Еуразия Орталық Азия қорының (ЕОАҚ) өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Шараның басты тақырыбы — «Tañdauym» арнайы стипендиялық және менторлық бағдарламасының таныстырылымы болды. Жоба халықаралық Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясымен серіктестікте жүзеге асырылуда.
Жобаның негізгі мақсаты — техникалық, технологиялық және STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) мамандықтарында оқитын студент қыздардың әлеуетін арттыру және оларға қолдау көрсету. Бағдарлама индустриядағы гендерлік стереотиптерді еңсеруге және талантты қыздардың заманауи өндіріс секторына сәтті араласуына көмектесуге бағытталған.
Кездесу барысында қор үйлестірушілері 6 айға есептелген бағдарламаның құрылымы мен кезеңдерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жоба қатысушылары келесідей кешенді қолдауға ие болады:
- Жеке менторлық: әрбір қатысушыға Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының жетекші сарапшылары мен басшылары қатарынан жеке тәлімгер бекітіледі.
- Практикалық блок: автоматтандыру мен өндірістік процестерді оңтайландыру бойынша нақты кейстерді талдау, икемді және кәсіби дағдыларды (Soft & Hard Skills) дамыту тренингтері мен воркшоптары.
- Өндірістік экскурсиялар: әлемдік брендтің автоматтандырылған процестері мен ішкі мәдениетін іштен көрудің бірегей мүмкіндігі.
- Қаржылай қолдау: біліктілікті арттыру мен кәсіби өсуге арналған білім беру гранттарының бөлінуі.
ЕОАҚ өкілдері кездесуге қатысқан студенттердің жоғары белсенділігі мен білім деңгейін атап өтіп, дәл осындай кадрлар Қазақстанның инновациялық экономикасын алға жетелейтінін білдірді. Студенттер өз кезегінде іріктеу критерийлері, өтінім беру кезеңдері және жобаны аяқтағаннан кейінгі мансаптық мүмкіндіктер туралы сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Университет әкімшілігі студенттерімізге жаңа мүмкіндіктер сыйлаған Еуразия Орталық Азия қорына нәтижелі диалог үшін алғысын білдіреді.
Автор: Абдикаликова Л. Б.


