13 ақпан күні «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының оқытушылары А.А. Қайыржанова мен А. Зұпардың ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект негіздері»: студенттік кейс-жобалар байқауы өтті. Аталған іс-шара «Индустрияландыру, инновация және инфрақұрылым» №9 Тұрақты даму мақсатына сәйкес цифрлық және инновациялық технологияларды дамыту, заманауи ІТ шешімдерді білім беру үдерісіне енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағытында ұйымдастырылды.
Байқау барысында студенттер өз жобаларын таныстырып, тың әрі өзекті идеяларын шынайы жүзеге асыруға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар жобалардың мақсат-міндеттерін, техникалық шешімдерін, қолдану аясын және болашақ даму мүмкіндіктерін жан-жақты талдап көрсетті. Жалпы саны 8 жоба ұсынылды. Атап айтқанда:
1. UNIVERHELPER – университеттік қызметтерді автоматтандыруға арналған көмекші жүйе;
2. STUDENT PORTAL – студенттерге арналған бірыңғай цифрлық платформа;
3. UBT KÖMEKŞI – тестілеуге дайындыққа арналған интеллектуалды көмекші;
4. BILIMLAND – білім беру ресурстарын біріктіретін онлайн орта;
5. ALT GUIDE – талапкерлер мен студенттерге бағыт-бағдар беретін цифрлық кеңесші;
6. ALT AUDITORIAN BOT – оқу аудиторияларын басқаруға арналған бот;
7. NOVA ACADEMY – заманауи онлайн оқыту платформасы;
8. AI SMM PLATFORM – әлеуметтік желілерге арналған жасанды интеллект негізіндегі маркетингтік құрал.
Ұсынылған жобалардың ішінде іске асыруға мүмкіндігі жоғары, болашағы зор бастамалар ерекше аталып өтті. Қазылар алқасы жобалардың инновациялық сипатына, практикалық маңыздылығына және техникалық жүзеге асырылу деңгейіне назар аударды.
Байқау студенттердің шығармашылық қабілетін арттырып, цифрлық технологиялар саласындағы білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын нақты жобалар арқылы меңгеруге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта студенттер осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырып, жобаларын жетілдіруді және тәжірибелік қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.


