ALT University-де Шабденова Дария Рахималиевнаның қолдауымен «Алматы қаласындағы кедергісіз қоғамдық көлік» жобасын одан әрі дамытуға арналған «БОТА» волонтерлік клубының кезекті отырысы өтті.
Кездесу барысында қоғам қайраткері, «ALTYN TIME мүгедектер қоғамы» ҚБ президенті, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесінің және Алматы қаласының инклюзияны дамыту жөніндегі кеңесінің мүшесі Омарғалиев Сағат Саятұлымен бірлесіп, клубтың жұмыс жоспары, негізгі міндеттері мен қызметінің басым бағыттары қарастырылып, бекітілді.
Клубтың жұмысы бес бағыт бойынша жүзеге асырылады:
- LRT, метро және теміржол көлігінің қолжетімділігін бағалау.
- Автобустар мен троллейбустардың қолжетімділігін бағалау.
- Әуежай инфрақұрылымының қолжетімділігін бағалау.
- Жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін қоса алғанда, көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін бағалау.
- Ғимараттар мен құрылыстардың, соның ішінде әкімдік нысандарының қолжетімділігін бағалау.
Қатысушылар алдағы міндеттерді, жауапкершілікті бөлуді, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін қалалық ортаның қолжетімділігін бағалаудың ықтимал тетіктерін талқылады.
«БОТА» клубының қызметі қолданыстағы кедергілерді анықтауға, оларды жою бойынша ұсыныстар әзірлеуге, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдармен құрметке негізделген және әдепті қарым-қатынас мәдениетін дамытуға бағытталады.
Алда бекітілген бағыттардың әрқайсысы бойынша практикалық жұмыстар, жаңа бастамалар және қолжетімді, қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар күтіп тұр.
Автор: Қапар Нурхан


