Ағымдағы жылдың 28 қаңтарында университет қабырғасында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында студент жастармен маңызды әрі тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға Алматы қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбатыр Бауыржанұлы арнайы қатысып, студенттермен ашық диалог форматында пікір алмасты.
Аталған кездесу Тұрақты даму мақсаттарының 17-бағыты — «Мақсаттарға қол жеткізу жолындағы әріптестік» аясында ұйымдастырылып, білім беру мекемесі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Мұндай серіктестік жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруда және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында киберқылмыстың өзекті түрлері, интернет-алаяқтық, жеке деректерді қорғау, әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда қауіпсіздік сақтау мәселелері кеңінен қозғалды. Спикер нақты мысалдар арқылы киберқауіптердің алдын алу жолдарын түсіндіріп, студенттерге практикалық кеңестер берді. Студенттер цифрлық ортада кездесетін тәуекелдерге қатысты жан-жақты жауап алды.


