Әскери адам үшін тәуелсіздік, мемлекеттілік және жауапкершілік ұғымдарының орны бөлек. Бұл ұғымдардың артында тек саяси шешімдер мен мемлекеттік институттар ғана емес, сонымен бірге тұрақтылықты, бірлік пен ұлттық мүдделерді сақтау жолындағы қоғамның күнделікті қажырлы еңбегі тұр.
Өз күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміз дамуының маңызды кезеңі және оның заман талабына (сын-қатерлеріне) жауап беруге дайындығының көрінісі болды. М. Тынышпаев атындағы ALT Университеті әскери кафедрасының бастығы, отставкадағы полковник Ерназар Хамидуллаұлы Ишановтың пікірінше, жаңартылған Негізгі заңның маңызы, ең алдымен, мемлекеттің іргелі негіздерін нығайтуда жатыр.
«Әр буын өз заманының сын-қатерлерімен бетпе-бет келеді. Бүгінде бұл — жаһандық қауіпсіздік мәселелері, технологиялардың қарқынды дамуы, жаңа экономикалық шынайылық пен халықаралық қатынастардағы өзгерістер. Мұндай жағдайда мемлекет өзінің базалық құндылықтарын сақтап қана қоймай, жаңа жағдайларға бейімделе алу қабілетіне де ие болуы тиіс.
Конституция — ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын құжат. Ол мемлекеттік институттардың жұмысы құрылатын, азаматтардың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілетін және бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы сақталатын қағидаттарды бекітеді.
Жаңа Конституцияның мемлекеттің қоғам алдындағы және қоғамның мемлекет алдындағы жауапкершілігін одан әрі нығайтуға бағытталғаны ерекше маңызға ие. Қазақстанның тәуелсіздігі, оның аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім мен заңға деген құрмет — жасы мен мамандығына қарамастан барлық азаматтарды біріктіретін құндылықтар болып қала береді. Қуатты мемлекет дәл осы қағидаттар негізінде құрылады.
Жаңа Конституция Қазақстанның одан әрі дамуының, тұрақтылықты сақтаудың және ұлттық бірлікті нығайтудың сенімді негізіне айналатынына сенімдімін».


