Select Page

2026 жылдың 10 ақпанында М. Тынышпаев атындағы ALT Университеті мен ҚР ҰҒА жанындағы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының делегациялары Жер, Ғарыш және Коммуникациялар туралы ғылымдар орталығының «Көлік» ғылымы секциясының көшпелі отырысын өткізді.

Стратегиялық сессия аясында қатысушылар Алматы метрополитенінің нысандарын аралап, «Қалқаман» жаңа метро бекетінің құрылыс барысымен танысты.

«BCN Group» ұйымының Басқарушы директоры және жоба жетекшісі Мурат Танкибаевич Укшебаевтың басшылығымен делегацияға техникалық экскурсия өткізіп, салынып жатқан бекеттің туннелін көрсетті. Қазіргі жұмыстардың кезеңдері, қолданылатын инженерлік шешімдер, туннельді өткізу технологиялары және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары көрсетілді. Жер асты инфрақұрылымын салудағы күрделі геологиялық жағдайлар мен инновациялық тәсілдерге ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында ALT University мен Көлік ғылымдары және технологиялары институтының өкілдері метро құрылысының практикалық қырларымен танысып, мамандарға сұрақтар қойып, инфрақұрылымдық жобаларды ғылыми-білім беру қауымдастығының сүйемелдеу перспективаларын талқылады.

М. Тынышпаев атындағы ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Жармагамбетова Меруерт Советовна жобаның қала мен ел үшін стратегиялық маңызын атап өтті:

«Метрополитен құрылысы — қаланың және елдің дамуына еңбек сіңірген бірнеше буын құрылысшыладың үлкен әрі тұтас тарихы. Біз университет ретінде осы ортақ іске өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Студенттер метроның қалай салынатынын — ішінен, нақты нысандарды көріп, түсінуі керек. Барлық тәжірибелік оқыту түрлерін, дуалды білім беруді және қолданбалы тағылымдамаларды ұйымдастыру метро жүйесінде жұмыс істеуге ең қолайлы мамандарды даярлауға мүмкіндік береді».

Құрылыс барысын аралағаннан кейін делегациялар стратегиялық сессияның негізгі бөлігі — «Көлік ғылымы» бөлімін «Метропроект» жобалау ұйымының базасында жалғастырды.

«Көлік» ғылыми секциясының төрағасы, академик әрі Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының директоры Бағдат Бурханбайұлы Телтаев метро құрылысына жетекші ғалымдардың қатысуымен жүйелі ғылыми сүйемелдеудің маңызын атап өтті. Мегагранттық жобалар аясында қолданбалы инженерлік шешімдер әзірлеу, білікті кадрлар даярлау және жер асты көлік инфрақұрылымы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру жоспарлануда.

Кездесудің практикалық бөлімінде «Метропроект» ЖШС директоры Муратбек Нагиметұлы Күлбаев Алматы метрополитенің жаңа желілерін жобалау, салу және пайдалануға беру кезеңдерімен, сондай-ақ жер асты көлік инфрақұрылымын кеңейтудің стратегиялық бағыттарын дамыту жоспарларымен таныстырып өтті. Заманауи инженерлік шешімдер мен метро дамуының ұзақ мерзімді перспективаларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Алматы көлік жүйесін дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарлар, оның ішінде LRT жобаларын іске асыру және метроны, LRT мен қоғамдық көлік түрлерін мегаполистің бірыңғай тұрақты көлік экожүйесіне біріктіру перспективалары туралы баяндамалар ұсынылды.

Инфрақұрылымдық жобаларды кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. «Қалқаман» метро станциясының құрылысы жобасының жетекшісі Мұрат Танкибайұлы Үкшебаев білікті мамандар жетіспеушілігін атап өтіп, саланың тұрақты дамуы үшін мамандарды жүйелі оқыту қажеттігін айтты.

ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Советовна Жармагамбетова жер асты көлік инфрақұрылымы саласына болашақ мамандар даярлау жөніндегі презентация ұсынды. Онда білім беру бағдарламаларын нақты өндірістік жобалармен біріктіру, студенттерді құрылыс алаңдары мен жобалау ұйымдарының жұмысына тарту, сондай-ақ ғылым, білім және индустрия арасындағы өзара байланысты күшейту мәселелері қарастырылды.

 ALT Университеті «университет – метрополитен – индустрия» ынтымақтастық моделін қалыптастыру және метро қызметкерлерін даярлайтын стратегиялық білім беру кластерін құру бастамасын ұсынды. Модель аясында: мақсатты білім беру бағдарламаларын іске асыру, салалық зертханалар мен ғылыми алаңдар құру, дуалды және корпоративтік оқытуды енгізу, пәндерді бірлесіп әзірлеу және практикалық бағыттағы оқытуды дамыту, микроквалификациялар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске қосу жоспарда бар.

Ынтымақтастықтың мақсаты — метрополитен үшін мамандарды даярлау, мамандар тапшылығын азайту, қолданыстағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру, кадрлық резерв қалыптастыру және бірлескен ғылыми-техникалық әзірлемелерді дамыту.

Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша ALT University, жобалау ұйымдары мен мердігерлер арасындағы өзара әрекеттестіктің маңыздылығы атап өтілді. Мұндай форматтар академиялық білімді нақты инженерлік тәжірибемен ұштастырып, студенттер мен оқытушыларда заманауи инфрақұрылымдық үдерістер туралы тұтас түсінік қалыптастырады.

Skip to content
Приемная комиссия