Select Page

Алматы қаласында Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің базасында «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру мен жасанды интеллект жылы» тақырыбында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы аясында жұмыс кеңесі өтті.

Кеңейтілген алқа отырысына М. Тынышбаев атындағы ALT University атынан Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Советовна Жармагамбетова және университеттің құрылтайшысы Серикова Гульзана Бейбитовна қатысты.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Алқа жұмысына сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нурбек, 100-ден астам жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық серіктестер, ғылыми ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қауымдастығы қатысты.

Отырыс барысында министрліктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары туралы есеп ұсынылып, 2026 жылға арналған негізгі басымдар айқындалды. Жоғары білім мен ғылым жүйесін дамыту, 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ кадрлар даярлау сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Білім және ғылым саласындағы цифрлық трансформацияның өзекті бағыттары, жасанды интеллект технологияларын енгізу, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде Аида Балаева жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын арттыру қажеттігіне тоқталып, еңбек нарығының нақты сұраныстарын ескере отырып, «министрлік – жоғары оқу орындары – әкімдіктер» бағыты бойынша тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар ел жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында тұрғаны, онда білім, ғылым және инновациялар адами капиталды дамытудың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалатыны атап өтілді.

Іс-шара аясында қатысушылар жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары дайындаған инновациялық жобалар көрмесімен танысты. Патент алған және өндірісте қолданылып жатқан 40-тан астам ғылыми жоба ұсынылды.

ALT University өкілдерінің алқа жұмысына қатысуы елдің ғылыми және білім беру қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ университеттің цифрландыру, ғылым және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау бағытындағы бастамаларын дамытуға ықпал етеді.

Skip to content
Приемная комиссия