Ағымдағы жылдың 5 наурыз күні университет қабырғасында Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жастар ұйымдарының қатысуымен Халықаралық еріктілер жылының ресми ашылу салтанаты өтті. Ауқымды форум жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, еріктілік мәдениетін дамытуға және жастар ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар ұйымдары арасындағы серіктестікті күшейту, студенттік бастамаларды қолдау, қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыру және қалалық жастар саясатының басым бағыттарын талқылау болды. Форум аясында пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылып, жастар ұйымдарының әлеуметтік жобалары таныстырылды. Бұл алаңдар белсенді жастардың тәжірибе алмасуына, жаңа бастамаларға серпін беруге және қоғам игілігіне бағытталған идеяларды дамытуға мүмкіндік жасады.
Форумға жоғары оқу орындарының студенттік ұйымдары, еріктілер қозғалысының өкілдері, белсенді жастар мен сарапшылар қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нүкенов Абзал Нүкенұлы арнайы қатысып, жастар бастамаларына қолдау білдірді.
Іс-шара барысында университетіміздің белсенді студенті Рүстембекова Дана Нұржанқызы спикер ретінде сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы рөлі, еріктілік қызметінің маңызы және студенттік бастамалардың әлеуметтік дамуға қосатын үлесі туралы өз көзқарасын ортаға салды.
Аталған форум жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, қоғамдағы өзара қолдау мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Сонымен қатар бұл бастама Тұрақты даму мақсаттарының бірнеше бағытымен үндеседі:
- №4 мақсат – Сапалы білім, жастардың білім мен тәжірибе алмасуын қолдау;
- №11 мақсат – Тұрақты қалалар мен елді мекендер, қоғам өміріне белсенді жастарды тарту;
- №16 мақсат – Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар, азаматтық қоғамды дамыту;
- №17 мақсат – Мақсаттар жолындағы серіктестік, жастар ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдардың өзара ынтымақтастығын нығайту.
Осындай мазмұнды кездесулер жастардың бастамаларын қолдап қана қоймай, олардың қоғам дамуына қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Белсенді, білімді әрі жауапкершілігі жоғары жастар – елдің жарқын болашағының кепілі.


