Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университетінде Қазақстанның көлік-логистика саласының өзекті мәселелеріне және халықаралық жүк тасымалдарын дамытуға арналған «Халықаралық тасымалдар және логистикалық шешімдер: KTZ Express тәжірибесі» тақырыбында қонақ дәрісі өтті.
Іс-шараның лекторы — «KTZ Express» АҚ-ның «KTZE Оңтүстік» филиалының директоры Махтаев Т.Б. Ол студенттермен көлік-логистика саласындағы кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, жүк тасымалдарын ұйымдастырудың ерекшеліктері мен заманауи логистикалық шешімдердің маңыздылығы туралы баяндады.
Дәріс барысында көлік логистикасын дамытудың негізгі үрдістері, жүк тасымалдарын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері және логистикалық операторлардың көлік процесінің тиімділігін қамтамасыз етудегі рөлі қарастырылды. Сонымен қатар KTZ Express компаниясының қызметіне, мультимодальды тасымалдарды ұйымдастыруға және әртүрлі бағыттар бойынша жүктерді жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Қазақстан экономикасын дамытудағы көлік-логистика саласының маңызы дәрістің негізгі тақырыптарының бірі болды. Географиялық орналасуының артықшылықтарын пайдалана отырып, Қазақстан халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, транзиттік әлеуетін арттыруға және басқа мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстарын нығайтуға зор мүмкіндікке ие. Осыған байланысты тасымалдардың тиімділігін арттыру, логистикалық процестерді жетілдіру және заманауи ұйымдастырушылық шешімдерді енгізу ерекше өзектілікке ие.
Лектор көлік-логистика кәсіпорындарының жұмысындағы практикалық мәселелерге де тоқталды. Атап айтқанда, мамандардың кәсіби құзыреттілігі, көлік процестерін талдау, тасымалдауға қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру және нарық талаптарына сәйкес тиімді шешімдер қабылдау қажеттілігі атап өтілді.
Қонақ дәрісі студенттерге көлік-логистика саласының тәжірибелі өкілінің кәсіби тәжірибесімен танысуға, салалық кәсіпорындардың қызметін тереңірек түсінуге және университетте алған теориялық білімдерін практикалық міндеттермен ұштастыруға мүмкіндік берді.
ALT Университеті көлік саласындағы жетекші кәсіпорындармен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырып, еңбек нарығының заманауи талаптарына сай білікті мамандар даярлауға ерекше мән береді. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, болашақ мамандығы туралы түсінігін кеңейтуге және көлік-логистика саласындағы мансаптық мүмкіндіктерді зерделеуге ықпал етеді.
Автор: Абдикаликова Л. Б.


