Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының тоғызыншы бағыты – «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым» аясында Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Алматы логистика және көлік университетінің студенттері үшін «GT Oil Service» компаниясының бизнес-тренері Рысбеков Ілияс Нұрбекұлымен танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерді өнеркәсіп саласындағы заманауи технологиялармен таныстыру, инновациялық шешімдерді енгізудің маңыздылығын түсіндіру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы озық тәжірибелермен бөлісу және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттіліктерін арттыру.
Кездесу барысында спикер «GT Oil Service» компаниясының негізгі қызмет бағыттары, халықаралық «GROUPauto International» желісімен ынтымақтастығы және өндірістік қызмет көрсету саласындағы заманауи технологиялардың қолданылуы туралы баяндады. Сонымен қатар техникалық диагностикалау, жабдықтардың сенімділігін арттыру, өндірістік процестерді цифрландыру және инновациялық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында өнеркәсіптік инфрақұрылымды жаңғырту, ресурстарды тиімді пайдалану, өндіріс орындарының технологиялық мүмкіндіктерін кеңейту және тұрақты индустриялық дамуды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының тоғызыншы бағытының негізгі міндеттерімен тікелей байланысты.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өндірістік кәсіпорындардың қызметі, инновациялық технологиялардың даму перспективалары, еңбек нарығындағы заманауи талаптар және техникалық мамандардың кәсіби мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойып, тәжірибелі маманнан құнды кеңестер алды.
«GT Oil Service» компаниясының бизнес-тренері Рысбеков Ілияс Нұрбекұлына мазмұнды кездесуі, кәсіби тәжірибесімен бөліскені және болашақ инженерлердің кәсіби дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз!
Осындай іс-шаралар жоғары оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, ғылыми-техникалық ойлау қабілетін дамытуға және инновациялық шешімдерді қабылдау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Аталған кездесу тұрақты индустрияландыруды қолдау, инновацияларды ынталандыру және сенімді инфрақұрылымды дамытуға бағытталған Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының тоғызыншы бағытын жүзеге асыруға арналған маңызды білім беру іс-шараларының бірі болып табылады.
Автор: Амантай Е. М.


