2026 жылғы 22 тамызда ALT University-де күрделі жөндеуден өткен №1 Студенттер үйінің ашылуы өтті. Оның базасында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жұмыс істейтін Алматы қаласы студенттеріне арналған дағдарыс орталығы өз қызметін одан әрі жалғастырады.
Шараға Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен ALT University басшылығы қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан іс-шараға ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан қатысты. Алматы қаласы әкімдігінің атынан Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев қатысты. ALT University тарапынан Басқарма Төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова және М. Тынышпаев атындағы ALT University Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұриддин Балқияұлы қатысты. Сондай-ақ шараға проректорлар, университет басшылығының өкілдері, студенттік белсенділер, студенттік омбудсмендер мен университет қауымдастығының өкілдері қатысты.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жаңартылған Студенттер үйінің ашылуы мен дағдарыс орталығы жұмысының жалғасуы Алматыға білім алу үшін келетін жастарды қолдау үшін маңызды мәнге ие екенін атап өтті:
«Бұл біз үшін маңызды сәт. Ғылым және жоғары білім министрлігімен және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, елдің басқа өңірлерінен білім алуға келетін студенттердің баспанасыз қалмауын қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастырудамыз. Төртінші жыл қатар ALT University Министрліктің бұл бастамасын қолдап келеді, осы еңбегі үшін университетке алғысымызды білдіреміз».
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев атап өткендей, дағдарыс орталығын құру студент жастарды қолдаудың қолданыстағы жүйесін кеңейтеді және жастардың тұрмыстық қана емес, сонымен бірге әлеуметтік мәселелеріне де жедел жауап беруге мүмкіндік береді:
«Алматы — еліміздің ең ірі студенттік орталығы, сондықтан мұнда білім алуға келген жас адам қиын жағдайда жалғыз қалмайтынын сезінуі біз үшін өте маңызды. Студенттер уақытша баспанасыз қалудан бастап, психологиялық немесе әлеуметтік көмек қажет болатын әртүрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Дағдарыс орталығы қай ЖОО-да оқитынына қарамастан, көмек сұрап жүгінуге болатын орынға айналуы тиіс. Біздің міндетіміз — тек уақытша баспана беріп қана қоймай, жас адамға қиын кезеңнен өтіп, толыққанды оқуы мен өміріне оралуына көмектесу», — деді ол.
ALT University Басқарма Төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова университет студенттік инфрақұрылымды білім беру ортасының ажырамас бөлігі ретінде қарастыратынын баса айтты:
«Болашақта Қазақстан игілігі үшін еңбек ететін мамандарды даярлау үшін, ең алдымен, оларға лайықты жағдай жасау қажет. Тек университеттің білім беру инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, сонымен бірге студенттеріміздің тұру жағдайларына да өте жауапкершілікпен қараймыз. Біздің міндетіміз — Студенттер үйінде олар өздерін өз үйіндегідей сезінуін қамтамасыз ету».
Күрделі жөндеуден кейін №1 Студенттер үйі 487 орынға есептелген. Жаңартылған Студенттер үйінде жайлы тұру, оқу және демалу үшін барлық жағдай жасалған. Тұрғын бөлмелер әрбір студент үшін жеке ұйықтау және оқу аймақтарымен, төсектермен, шкафтармен және қажетті жиһаздармен жабдықталған. Сонымен қатар бөлмелерде асүй аймақтары қарастырылған, бұл студенттерге күнделікті тұрмысын өз бетінше ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы пайдалану үшін Студенттер үйінде компьютерлері бар оқу залы, душ бөлмелері мен киім ауыстыратын орындары бар жаттығу залы, буфет, тоңазытқыштар мен диспенсерлері бар тұрмыстық бөлмелер, медициналық кабинет, сондай-ақ жүктер мен жеке заттарды сақтауға арналған орындар жабдықталған.
Жаңартылған Студенттер үйіндегі дағдарыс орталығы жұмысының жалғасуы бөлек маңызға ие. №1 Студенттер үйінің жалпы сыйымдылығының 50 орны орталықтың жұмысы үшін қарастырылған. ALT University базасындағы дағдарыс орталығы төртінші жыл қатар жұмыс істеп келеді және 2026 жылы Алматы қаласы студенттерін қолдау жүйесі шеңберінде өз қызметін жалғастырды.
Орталық уақытша тұруға, сондай-ақ қосымша әлеуметтік, психологиялық немесе консультациялық қолдауға мұқтаж студенттерге арналған. Көмек алу үшін оқу орнына қарамастан, Алматы қаласы ЖОО-ларының студенттері жүгіне алады.
Уақытша орналасуды қажет ететін студенттер Жағдаяттық орталыққа хабарласады. Мамандар әрбір өтінішті қарап, ең алдымен студентті өзі оқитын университет жатақханасына орналастыру мүмкіндігін анықтайды. Егер ЖОО орын бере алмаса, бос орындар болған жағдайда студент уақытша тұру үшін ALT University базасындағы дағдарыс орталығына жіберілуі мүмкін.
Мұндай механизм студентті тұрақты орналастыру мәселесі шешілгенге дейін қауіпсіз тұрғын үймен қамтамасыз етуге және баспананың болмауы сабақты босатуға немесе оқудағы мәжбүрлі үзіліске себеп болуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Дағдарыс орталығына жүгінген студенттер үшін №1 Студенттер үйінің барлық қажетті инфрақұрылымы қолжетімді. Олар тұрғын, оқу және тұрмыстық аймақтарды, асүйлерді, спорттық және рекреациялық инфрақұрылымды пайдалана алады. Қажет болса, студенттерге психологиялық, әлеуметтік және консультациялық қолдау да көрсетіледі. Барлық өтініштер құпиялылық қағидаттарын сақтай отырып, жеке қарастырылады.
Жаңартылған №1 Студенттер үйінің ашылуы ALT University-дің заманауи студенттік инфрақұрылымды дамыту және қауіпсіз, жайлы білім беру әрі әлеуметтік ортаны құру жолындағы кезекті кадамы болды. Университет базасында дағдарыс орталығы жұмысының жалғасуы қиын тұрғын үй жағдайында қалғандарды уақытша орналастыру механизмін қамтамасыз ете отырып, Алматы студенттерін қолдау жүйесін нығайта түседі.


