Абай өз шығармаларында адам болудың талап-тілектерін атап, өзінің гуманистік танымы тұрғысынан өскелең ұрпақтың адамшылық негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөледі. Ақын шығармаларында өзекті желідей созылып, ғұмыр бойы танытуға ұмтылған, өмір бойы шарқ ұрып іздегені – толық адам. Абайдағы толық адам – рухани жетілген, кемеліне келген адам.
Абай адамның рухани жағынан кемелденіп жетілу жолында толық адам ұғымын адамшылық сатысының ең жоғарғы басқышына қояды. Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абай адамгершілік, адалдық мінездерді жастарға үлгі етіп, ар мен ұят мәселесін қозғайды. Абайдың жастарға үлгі етіп, толық адам болудың талап-тілектеріне лайық болып келетін адамның өмірдегі көрінісі өзінің сүйікті ұлы Әбдірахман бейнесі еді.
Осыған орай сәуір айының 30-ы күні «Language Education» кафедрасының ұйымдастыруымен «Толық адам» концепциясының жабылу салтанаты болды. «Толық адамның» жабылуына орай 1-ші және 2-ші курс студенттері, атап өтсек КГ-24-5к, КГ-24-6к, IT-ЭЭ-24-5к, СПГС-24-3к, СЖД-23-1к, СПГС-24-1к топ студенттері өз өнерлерін көрсетті.
Қорыта келгенде айтарымыз, Абайдың аңсаған, армандаған толық адамын М.Әуезов оқырманға көркем образдар арқылы шебер тілмен жеткізеді. Абай поэзиясының алтын арқауы – толық адам жайлы ойшылдың танымын М.Әуезов дамыта отырып, оған өз көзқарасы тұрғысынан гуманистік мәселелерді өзек еткен прозалық туындыларында кеңінен толғайды.