2026 жылғы 2 қарашада Алматыда өңірлік өзара байланысты нығайтуға және сапалы инвестицияларды тартуға арналған Орталық Азиядағы Екінші Тәңір тауы экономикалық ынтымақтастық форумы өтті.
Форум жұмысына ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова қатысты.
Форум Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, халықаралық қаржы институттарының, даму банктерінің, бизнес пен сарапшылар қоғамдастығының өкілдерін біріктірді. Талқылаудың негізгі тақырыптары — көлік және логистика инфрақұрылымын, энергетиканы, сауданы, цифрлық өзара байланысты дамыту, инвестициялар тарту және өңіраралық ынтымақтастықты нығайту болды.
Қатысушылар көлік дәліздерін жаңғыртуға, шекарааралық процедуралардың тиімділігін арттыруға, мультимодальды тасымалдарды дамытуға және қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді.
Форум шеңберінде ALT University атынан Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова және Үрімжі кәсіптік университеті (UVU, Қытай) атынан ректор Гэ Чэньгуан «UVU–ALT» жобасы аясындағы «Лу Бань» шеберханасы жанындағы Өнеркәсіптік робототехника орталығын басқару және пайдалану туралы келісімге қол қойды.
ALT University базасында өнеркәсіптік робототехникаға мамандандырылған Қазақстандағы үшінші «Лу Бань» шеберханасы жұмыс істейді. Орталық студенттерге өнеркәсіптік автоматтандыру, роботтандырылған жүйелерді бағдарламалау және басқару технологияларын меңгеруге, сондай-ақ заманауи өндірістік жабдықтармен жұмыс істеудің практикамдық дағдыларын алуға мүмкіндік беретін заманауи білім беру және ғылыми-практикалық алаңға айналуға бағытталған.
Қол қойылған келісім Орталықты бірлесіп басқару мен пайдаланудың одан арғы механизмдерін айқындайды, білім беру бағдарламаларын дамыту және оқу процесіне озық инженерлік шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Үрімжі кәсіптік университеті ALT University-дің бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі болып табылады. Жоғары оқу орындары бірнеше жыл бойы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асырып келеді және академикалық әрі ғылыми-техникалық байланыстарды нығайтуда.
Жаңа келісімге қол қою осы серіктестікті дамытудың кезекті кезеңі болды. Ол мамандарды практикаға бағдарланған даярлауды кеңейтуге, білім беру процесіне озық инженерлік технологияларды енгізуге және екі университет оқытушылары мен студенттері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Жетекші білім беру және технологиялық серіктестермен халықаралық ынтымақтастықты дамыту — ALT University стратегиясының маңызды бағыттарының бірі. Мұндай жобалар заманауи өнеркәсіп пен технологиялық трансформацияның сын-қатерлеріне жауап бере алатын жаңа буын инженерлік кадрларын дайындауға жағдай жасайды.
Автор: Алия Ерлан


