Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, М.Тынышбаев атындағы ALT Университеті базасында студенттерге арналған Дағдарыс орталығының ресми ашылуы өтті. Жаңа орталық 55 орынға есептелінген.
Ашылу шарасы барысында орталықтың басты миссиясы – қиын өмірлік жағдайға тап болған студенттерге жедел әрі қауіпсіз уақытша баспана, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу, сондай-ақ құқықтық-кеңестік қолдау көрсету екені атап өтілді.
Орталықта студенттерге қолайлы жағдай жасалған:
1.тұрмыстық қажеттіліктерге арналған жайлы бөлмелер;
2.оқу мен тынығуға арналған аймақтар;
3.медициналық кабинеттер.
ALT Университеті базасында соңғы үш жыл бойы жұмыс істеп келген дағдарыстық қолдау орталығы бүгінде қызмет ауқымын кеңейтіп, жаңа деңгейде іске қосылды. Жаңа құрылым қалалық әлеуметтік қызметтермен, ЖОО-лардың деканаттарымен және жастар ресурстық орталықтарымен өзара тығыз ықпалдастықта жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде студенттердің көмекке жүгіну жолын жеңілдетіп, қауіпсіз ортаға жылдам қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Абылайхан Ақерке Абылайханқызы және жастар саясат басқарма басшысы Кажденбек Азиз Оралбекұлы қатысып, орталықтың маңыздылығын атап өтті:
«Бұл орталық – жастарды қолдаудың жедел форматы. Мұнда әрбір студент өзіне қажетті көмекті уақыт жоғалтпай ала алады. Біздің мақсатымыз – білім алушының оқуын үздірмей, өзін қауіпсіз сезінетін кеңістік қалыптастыру және оны өмірдегі қиын кезеңнен бірге өткізу. Алматыдағы жаңа Дағдарыс орталығы жастарды кешенді қолдау саясатының нақты қадамына айналды», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталықта көмек көрсету барысында құпиялық пен этикалық нормалар қатаң сақталады, әрбір өтініш берушіге жеке жағдайына сай шешім ұсынылады. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауатын арттыруға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
ALT Университеті үшін студенттердің амандығы, дамуы және қауіпсіздігі – басты құндылық. Жаңа орталық осы бағыттағы нақты қадамның бірі болып отыр.